Путиннің баспасөз конференциясы алдында саяси тұтқындардың туыстары пикетке шықты

0

19 желтоқсанда «Саяси қуғын-сүргінге қарсы аналар» қозғалысының мүшелері Мәскеудегі Халықаралық сауда орталығы алдында жалғызадамдық пикет өткізді. Мұнда бүгін Ресей президенті Владимир Путин жыл сайынғы баспасөз конференциясын өткізеді. Бұл ақпаратты «Новая газета» басылымы хабарлады.

Аналардың қолында журналистерге арнап жазылған плакаттар болған: «Президенттен сұраңыз: Онымен кездесуге талпынған аналардың аштық жариялағанын біле ме екен?», «Ресей саяси тұтқындарды өлтіріп жатыр. Журналистер, неге үндемейсіңдер?».

Владимир Путиннің баспасөз конференциясы Мәскеу уақытымен күндізгі сағат 12-де басталуы тиіс. Оған қатысуға 1700 журналист аккредитация алған.

Былтыр және алдыңғы жылдары журналистердің көбі президентке сұрақ қойып үлгеру үшін ашық түсті киім және ерекше бас киімдер киіп, қолдарына жұмсақ ойыншықтар мен ірі плакаттармен келген. Биыл Кремль «фотографтар мен операторлардың жұмысына кедергі келтірмес үшін» көлемі А3 форматынан аспайтын плакаттар ғана ұстауға рұқсат берген.

Azattyq