Путин зымыран келісіміне қатысты мәлімдеме жасады

0

Ресей президенті Владимир Путин зымыран келісіміне қатысты арнайы мәлімдеме жасады.

18 желтоқсанда Путин Ресейдің агрессивті саясатына үйренгендер үшін ойлантатындай деңгейде қаруланғанын айтты. Сондай-ақ АҚШ-тың Ресей орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімді бұзды деген айыптауын жоққа шығарды. Өз сөзінде ол Ресей мен АҚШ арасындағы қарулануды бақылау туралы келісім аясында жаңадан келіссөздер өткізуге әзір екенін және бұл келісімге басқа елді қосу туралы ой білдірді.

Бұған дейін зымыран келісіміне қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп: «Қазіргі уақытта мұндай келісімге отырмаған өзге елдер әскери зымыран жүйесін жасақтап, қалағанынша қолданып отыр. Сол себепті Америка мен Ресей арасындағы екіжақты келісімде еш мән қалған жоқ. Шарт жасамаған Қытай, Солтүстік Корея, Иран сияқты басқа да мемлекеттер ойына келгенді істеп отыр. Егер бұл келісімге Қытай да енсе, жұмыстардың басым бөлігі ядролық келісімге қайшы келер еді», – деген болатын. Ал НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Ресей зымыран келісіміндегі өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отыр. Ал АҚШ керісінше, келісім негізінде жұмыс істеуде. Бірақ келісім орындалу үшін бұл жеткіліксіз. НАТО жаңа қарулану жарысы болғанын қаламайды», – деп, Ресейге соңғы мүмкіндік беретінін айтты.

АҚШ пен Ресей арасындағы зымыран келісіміне 1987 жылы қол қойылған. Келісім бойынша, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Мәскеу де, Уашингтон да осы уақытқа дейін бір-бірін зымыран келісімін бұзды деп бірнеше рет айыптаған.

«The Qazaq Times»