Путин жеңілмес үшін ядролық қару қолдануы мүмкін
АҚШ сарапшысы Томас Фридман The New York Timesқа Украина-Ресей соғысына қатысты өз болжамын жазыпты. Ол соғыстың аяқталуына қатысты үш сценарий келтірген.
Бірінші сценарий:
Сарапшының ойынша егер Батыс Ресейді тоқтата алмаса, онда Мәскеу Украинаны ел ретінде толық жояды. Оның соңы Еуропа екінші жаһандық соғыстан кейін көрмеген геноцидке әкелуі мүмкін. Ресей “неонацизмді жоямыз” деген жалған ұранмен Украинаның жүздеген мың әскері мен ерлерін соттайды, атады және қудалайды.
Ол қолына ядролық қару ұстаған Путин билігі масштабты қылмыстарға ойланбастан баратынын айтады. Ал 11 сағаттық белдеуі бар Ресей халқы үнсіз отырады деген ойда.
Екінші сценарий:
Экономикалық санкциялар Ресейді тығырыққа тіреп, Ресей келісім ұсына бастайды. Ресей әскерін шығару мен соғысты тоқтатуға келіседі, есесіне Батыс салынған санкцияларды алып тастайды. Алайда бұл жолды қасарысқан Путин таңдауы екіталай дейді сарапшы, себебі бұл қадам Путиннің Украинадан жеңілісі іспеттес қабылданатын болады.
Үшінші сценарий:
Ең соңғы сценарий ретінде, Ресей халқы көтеріліп, Путин режимін төңкеріп тастауы мүмкін екенін айтады. Алайда соңғы митингтердің сипатына қарап, қандай да бір нәтиже шығарына сенім артуға болмайды дейді.
Режимді төңкеруге қалталы азаматтар мен сыртта қаржысы бұғатталған олигархтар және әскери мамандар қатысса ғана, шынайы нәтиже болады дейді ол.