Путин «жалған ақпарат» таратқандар мен «билікті қорлағандарды» жазалайтын заңға қол қойды
Ресей президенті Владимир Путин БАҚ-тағы жалған ақпаратты (фейкті) бұғаттау және ол үшін айыппұл салу, сондай-ақ интернетте мемлекеттік рәміздер мен «билікті қорлағандарға» айыппұл мен қамау жазасын қарастыратын заңдарға қол қойды. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.
Жаңа заң «азаматтардың денсаулығы мен өміріне, дүние-мүлкіне нұқсан келтіретін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін», сонымен бірге «тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар жұмысына кедергі келтіретін» қоғамдық маңызы бар расталмаған ақпаратты «расталған, анық» хабар деп интернетте таратуға тыйым салады.
Заңды бұзған азаматқа 100 мың рубль (бір жарым мың доллардан көп), лауазымды тұлғаларға – 200 мың рубльге дейін (үш мың доллардан аса), заңды тұлғаларға – жарты миллион рубльге (7,6 мың доллардан астам) дейін айыппұл салынады. Заңды қайта бұзғаны үшін заңды тұлғаға салынатын айыппұл мөлшері бір жарым миллион рубльге (23 мың долларға жуық) дейін өседі.
Билікке немесе мемлекеттік рәміздерге тіл тигізіп, қорлаған адамға 100 мың рубль айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады. Қайтадан заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 200 мың рубльге дейін көбейеді.
Бұл заң жобаларын Ресей мемлекеттік думасы 7 наурызда қабылдап, кейін Федерация кеңесі мақұлдаған. Ал президент жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңес пен бірқатар құқық қорғау ұйымдары құжатқа қарсылық білдірген.