Путин: Ресей Украинада әлі ештеңе бастай қойған жоқ
Ресей Украинадағы арнайы операция барысында әзірге айтарлықтай әрекетке бара қойған жоқ, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин.
«Бізді ұрыс алаңында жеңуге тырысып жатыр дейтін әңгімелер естіп жүрміз. Бұған не деп жауап беруге болады? Тырысып көрсін. Батыс соңғы украин қалғанша бізбен соғысқысы келетінін талай мәрте естідік. Украин халқының қасіреті. Бірақ бәрі осыған келе жатқан секілді», — деді Путин Дума фракциялары жетекшілерімен кездесуінде.
Путиннің айтуынша, Ресей «әзірге айтарлықтай ештеңе бастай қоймағанын» бәрі түсінуі керек. Дей тұрғанмен, Мәскеу бейбіт келіссөздерден бас тартпайды. «Бірақ одан бас тартып жүргендер әрі қарай келісімге келу қиындай түсетінін түсінуі тиіс», — дейді мемлекет басшысы.
Дума депутаттарымен кездесу кезінде Владимир Путин Ресейге санкция салу жайлы бастама көтергендер мақсатына жетпеді деп мәлімдеді.
«Ресейге қарсы салынған заңсыз шаралар қиындық келтіріп жатыр. Бұл айқын факт. Бірақ Ресейге қарсы экономикалық «блицкриг» бастағандар ойлағандай дәрежеде емес» деді Путин.
Киевтегілер Путиннің Украина жайлы айтқандарына реакция білдірді.
«Ұжымдық Батыста» ешқандай жоспар жоқ. Нақты бір z-армия суверенді Украинаға басып кіріп, қалаларды атқылап, бейбіт азаматтарды өлтіріп жатыр. Қалғаны – қарабайыр насихат. Сол себепті Путин мырзаның «соңғы украин қалғанша соғысу» жайлы мантрасы — Ресейдің ойдан құрастырған геноцидіне тағы бір дәлел» деп жазды Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк.
- Батыс елдері Ресейдің биыл 24 ақпанда Украина аумағына басып кіруін сынап, оны «заңсыз» деп атады. Ресейге қарсы салынған санкциялар уақыт өткен сайын ұлғайып келеді.
- БҰҰ-ның адам құқықтары мониторинг миссиясының есебінде 24 ақпаннан бері елде он мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болып, жараланғаны жазылған. Жүздеген бала мерт болған. Сарапшылар шынайы цифр бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.