Путин мен Лукашенко интеграция мәселелерін талқылады
Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко кездесіп, екі елді интеграциялау мәселелерін талқылады. Қос президент жеке және делегацияларымен бірге төрт сағатқа жуық келіссөз жүргізді.
Келіссөзден кейін Путин мен Лукашенко баспасөз мәслихатын өткізбеді. Журналистерді келіссөздің басына ғана қатыстырды. Путин «екі ел қарым-қатынасы өте жақсы дамып жатқанын» мәлімдегенімен, шешілмеген мәселелер барын да мойындады. «Егер мәмілеге келе алсақ, онда тамаша болар еді» деді Путин. Ал Лукашенко «мәселелерді жаңа жылға жеткізбей шешуге» шақырды.
Келіссөз қарсаңында өткізген баспасөз мәслихатында Лукашенко Путинмен газ бағасына қатысты бірнеше айдан бергі келіспеушілікті реттейтініне сенетінін айтқан.
Келіссөзден соң Ресей қаржы министрі Антон Силуанов 2020 жылға қарай екі ел газ бағасын белгілеу тәсілдеріне қатысты «ұсыныстарын» дайындауы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, екі жақ «интеграция және даулы мәселелерді реттеу жолдарын ұсынатын жұмысшы тобын құрады». Министрдің айтуынша, келіссөзде екі жақ ортақ ұстаным білдіре бастаған.
Дереккөз: Азаттық