Путин КСРО-ны қайта тірілтпек пе?

0
113

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Ресей президенті Владимир Путин «Россия-24» телеарнасы арқылы халыққа үндеу жариялады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Сол күні кешкісін телеарнадан Путиннің Қауіпсіздік кеңесін өткізгені, онда Парламент палатасы төрағаларының, Премьер-министрдің және сыртқы істер министрінің Путиннен Луганск және Донец республикаларының егемендігі мен тәуелсіздігін мойындауды сұранғаны көрсетілді. Путин шешімді бүгін қабылдайтыны мәлім етті.

Путиннің халыққа үндеу жариялайтыны 2 сағат бұрын хабарланды.  Елорда уақыты бойынша түнгі сағат 12-ден 40 минут өткенде барып Путин төбе көрсетті. Ол көкезуленіп бір сағат бойы сөйледі.

Ресей президенті алдымен тарихтан әңгіме қозғады. Ол бұған дейін Украина деген мемлекеттің болмағанын, оны алғаш рет 1917 жылы Ленин құрғанын атап өтті.

«Украинаның авторы да, сәулетшісі де Ленин. Ал сендер Ленинге рахмет айтудың орнына, оның ескерткіштерін талқандап жатырсыңдар. Мұны өздеріңше декоммунизация деп атайсыңдар. Мен сендерге декоммунизацияның не екендігін көрсетемін», — деген мағынадағы сөздерді айтты Путин. Оның айтуынша, Ленин жаңа мемлекет Украинаға Ресейдің жерін бере салған.

-Неге екені белгісіз елуінші жылдары Хрущев Украйнаға кеткен жерлер аз болғандай, Қырымды да апарып қоса салды, — деп таңқалған сыңай білдірді Путин. Ресей президентінің ойынша, КСРО деген шын мәнінде Ресей болған. Ол осы арқылы КСРО-ны қайта тірілтуді көксейтінін де аңғартқандай болды. Осыдан кейін барып Украинадағы 2014 жылғы төңкерістің нәтижесінде орыстарға қарсы геноцид болғанын, Украинаның батыс елдерінің қолдауымен Ресейге қарсы әрекеттер жасағанын, тіпті жақын арада ядролық қару жасауға да ұмтыла бастағанын, НАТО-ға мүше болуды жоспарлағанын алға тартып, мұның бәріне Ресейдің көз жұмып қарай алмайтынын мәлім етті. Қысқасы, батысқа деген бар өкпе-ренішін бұрқ еткізген Путин әңгімесінің соңында Луганс пен Донецк республикаларының егемендігі мен тәуелсіздігін мойындайтындығын мәлім етті.

Артынша Путин жоғарыда аталған қос республиканың басшыларымен тиісті құжаттарға қол қойды. Құжатта

Ресейдің екі республикадағы бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қарулы күштер арқылы көмек көрсету қаралған.  Ресейдің Луганс пен Донец республикаларының тәуелсіздігін мойындауы Украинаның тұтастығына, халықаралық нормаларға қайшы келеді. Өйткені аталған республикалар бұған дейін Украинаның әкімшілік аумағына кіргені айтпаса да белгілі. Путиннің шешімі Минск келісіміне қайшы келетіні былай тұрсын, ол аталған келісімді толығымен өлтірді.