Путин көрші елдер тарихын неге жоққа шығарады?
«ТИФЛИС ГУБЕРНИЯСЫ»
Грузияда Кремльге және жергілікті билікке қарсы, Ресейді «басқыншы» деп айыптаған наразылық шаралары кезінде Владимир Путин ресейлік журналистерге сұхбат берген. Ресей басшысы 9 шілдеде тарихқа шолу жасап, өз ойымен бөліскен.
Президент Путиннің талдауынша кезінде Ресей империясының құрамына өз еркімен қосылған Абхазия мен Осетияны өткен ғасырда «жаулап алған» Грузияның өзі «басқыншы» болып шыққан. Ресей басшысының «18 ғасырдың соңы — 19 ғасырдың басында Грузия деген мемлекет болмаған, оның орнында Тифлис губерниясы болған» деген сөзі ақпарат құралдары мен қоғамда көп пікір туғызып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
2008 жылғы бескүндік соғыстан кейін Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындағаны белгілі. Тбилиси мен әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі аталған аумақты Грузияның территориясы деп санайды.
Грузия саясаткерлері Путиннің сөзін «тарихты бұрмалау» деп бағалап, Грузияның мемлекет ретіндегі тарихы 18 немесе 19 ғасырдан емес, одан ерте басталғанын айтады. Ресей басшысының сөзіне Грузия сыртқы істер министрінің де реакция білдіруыне тура келді. Министр Давид Залкалиани Путиннің пікірін «тарихи фактілерге берілген субъективті баға» деп таныды.
«Грузияның көпғасырлық тарихында елдің Абхазия мен Цхинваль аймағын қоса алғандағы территориялық тұтастығын әлемдік қауымдастық үнемі мойындап келгенін дәлелдейтін фактілер өте көп. Тарихқа терең үңілгісі келгендер болса, тіпті жақсы. Ондайда мәселе біздің пайдамызға шешіледі», — деді Залкалиани.
«БӘРІ ӨЗІН ОРЫС САНАЙТЫН»
Ресей президенті постсоветтік елдердің мемлекет тарихы туралы бұрын да даулы пікір білдірген. «Тифлис губерниясы» туралы даудың алдында бір ай бұрын, маусымда өткен Петербург форумында, Владимир Путин «бұрын Украина мемлекетінің болмағанын» айтып, белорус, орыс және украиналықтарды «бір халық» деп атады.
— Запорож аймағы украиналықтар емес, орыстар ретінде Ресей империясының құрамына кірді. Олар үшін тарих, тіл мен діннің айырмашылығы болған жоқ. Бәрі өзін орыс санайтын,- деген Путин «Украина» сөзінің орыстың «у края» — шеткері аймақ сөзінен шыққанын айтты. Путиннің айтуынша, Бірінші дүниежүзілік соғыс алдында Ресейге қарсы соғысқа дайындалған елдер украина ұлты идеясын дамыта бастады.
— Сол елдер осы арқылы қарсыласын бөлшектеп, қолда барын тартып алғысы келді. Бұл идея тез тарап, халықтың бір бөлігі өзін жеке дара ұлт ретінде тани бастады, — деді Владимир Путин.
Украиналық саясаттанушы Александр Кочетков Путиннің сөздерін территориядағы вербальды талап емес, шынайы қауіп көреді.
— Біз «орыс әлемі» идеясының қайта тірілуі туралы айтып отырмыз. Бұл тұжырымдаманың мәні Ресей әрдайым жақын көршілеріне қатысты өркениетті миссия ұстанып келген дегенге саяды. Өз билігі кезінде Путин мен оның неоимпериялық машинасы мәлімдеме жасаудан бөлек, әрекет жасауға да үлгеріп жатыр, — дейді саясаттанушы.
Кочетков «әрекет» деп 2014 жылы Будапешт меморандумы бойынша Украина тәуелсіздігі мен шекарасын құрметтеуге міндеттеме алған Ресейдің Қырымды аннекциялауы мен Мәскеудің Шығыс Украинада 13 мың адамның өмірін қиған қарулы қақтығыста сепаратистерге қолдау көрсетуін айтып отыр.
— Украинаның бөлінуі, Беларусьті қосып алу, Қазақстан, Грузия және өзге де постсоветтік елдерді өз ықпалында ұстау — мұның бәрі Путиннің екінші президенттік мерзімге келгеннен кейін жүзеге асыра бастаған «орыс әлемін» қайта қалпына келтіру стратегиясының элементтері. Мұны жоспар, арнаулы операция немесе басқаша атауға болады. Бірақ бұл бос сөздер емес, — дейді Кочетков.
«ҚАЗАҚТАРДА МЕМЛЕКЕТ БОЛМАҒАН»
Путиннің бұған дейін қазақ мемлекеттігінің болмағаны жөнінде де айтқаны белгілі. 2014 жылы жазда «Селигер» жастар форумы қатысушыларымен кездесуде Владимир Путин сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрын мемлекет болмаған жерде жаңа мемлекет құрып, таңғажайып дүние жасағанын айтқан. Путиннің «Қазақтарда мемлекет болмаған, мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев құрды» деген сөзі көп талас туғызды. Біреулер Ресей Қазақстанның солтүстігіне көз тігуі мүмкін деп қауіптенсе, тағы бір топ Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы барын алға тартты. Қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Ғалым Ағелеуов Путин мен Назарбаевқа (қазақтарда мемлекет болмағаны туралы ұқсас пікір айтқан) Қазақстан тарихы бойынша оқу құралдары мен монографиялар жіберді.
Назарбаев мен Путинге сәлемдеме. 5 қыркүйек, 2014 жыл
Жағдайды реттеуге тырысқан сол кездегі Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников сұхбаттарының бірінде «Путин Қазақстанның мемлекет болу құқығын жоққа шығарып, мемлекет ұғымының мағынасын кемсіткісі келген жоқ. Ол керісінше, Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап, Совет одағы тарағаннан кейін Қазақстан Республикасы деген мемлекет бірінші рет құрылғанына назар аударды» деген.
Қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Ресейдің әртүрлі деңгейдегі саясаткерлері көрші постсоветтік елдердің тарихы мен мемлекеті болғанын жиі жоққа шығарады.
— Мұндай мәлімдемелер Лимонов пен Жириновский сияқты 90-жылдардың экстремистік сарындағы саясаткерлерінен басталды. Жириновский Қазақстан мен Орталық Азия болмаған, оның орнында астанасын Верный деп белгілеген Түркістан генерал-губернаторлығы болған деген пікір айтқанда, көбі “Назар аудармаңдар! Эмоцияға берілген адам не демейді?” деді. Ал Грузия туралы да осындай мәлімдемелер жасалғаннан кейін бұл ел аумағының 20 пайызынан айрылып қалды, — дейді Жұмалы.
Расул Жұмалының сөзінше, мұндай мәлімдемелерге мемлекеттік деңгейде жауап қату керек.
— Әрине, Ресей — пікірін ескеріп отыруды қажет ететін ең үлкен көршіміз. Бірақ халықаралық қатынастар аясында қабылданған екіжақты құжаттарда көрсетілген ережелерді басшылыққа алған жөн. Яғни, мемлекеттер бір-бірінің ішкі істеріне араласпай, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын құрметтеуі керек, — дейді Расул Жұмалы.
БЕЛАРУСЬ ҮШІН ДАЙЫНДАЛҒАН СЦЕНАРИЙ
1999 жылдың желтоқсанында Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин биліктен кетпес бұрын Ресей мен Беларусь арасында одақтас мемлекет құру туралы келісім жасады. Бірақ одан кейінгі 20 жылда бұл интеграция қағаз жүзінде ғана қалды. Екі арада тығыз әріптестік орнағанына қарамастан, соңғы жылдары екі ел арасы алшақтай бастаған. Өз сөзінде Владимир Путин де Ресей мен Беларусь одағын құру идеясына қайта оралу мәселесін жиі қозғайды.
Беларусь саясаттанушысы Арсений Сивицкий Азаттыққа Ресей мен Беларусьтің одақтас мемлекет аясында бірігуі Кремль үшін маңызды екенін айтты.
— Ішкі саяси мотивтерге келсек, Ресейдегі билеуші элитаның, оның ішінде Путиннің рейтингі төмендеп келеді. Билеуші элитаның кері кетіп бара жатқан әлеуметтік-экономикалық тенденцияны өзгертуге көмектесетін экономикалық жетістігі жоқ. Сондықтан Кремль бұрыннан таныс ойынды бастап, жаңа геосаяси жетістіктерін көрсетуге тырысады. Кремльдегі стратег мамандар одақтас мемлекеттің құрылуын 2024 жылы Владимир Путиннің президенттік өкілеті аяқталатын уақытқа тураланған шешім көреді. Одақтас мемлекет Путинге билікте президент немесе біріккен белорус-ресей мемлекетінің басшысы ретінде қалуға көмектеседі,- дейді Сивицкий.
Арсений Сивицкийдің пікірінше, Ресей постсоветтік кеңістікте ғана емес, оның сыртында да агрессивті сыртқы саясат жүргізетін болады.
ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕР ӘСКЕРИ АГРЕССИЯҒА ӘКЕЛУІ МҮМКІН
Владимир Путиннің бірқатар елдің тарихы мен геосаяси жағдайына байланысты айтқандарын батыс сарапшылары да талдаған. Бірқатар сарапшы бұл сөздердің астарынан постсоветтік кеңістікте өз ықпалын жоғалтқысы келмейтін, өңірдегі позициясын нығайтуды қалайтын Кремль саясатын көреді.
Джорджтаун университетінің профессоры және «Путин әлемі» кітабының авторы Анджела Стент жақында Азаттықтың Орыс редакциясына берген сұхбатында «Путин жоқ дегенде бұрынғы Совет одағы кеңістігін Ресейдің ықпалы жүретін аймақ ретінде мойындатқысы келеді. Осы арқылы Батысқа бұл мәселеге салмақты қарау керегін ескертеді» деген.
— Путиннің пікірінше, Ресей қауіпсіздігінің периметрі мемлекет шекарасынан емес, бұрынғы Совет одағы шекарасынан өтеді. Менің ойымша, шекараны осылай көру Кремльдің біз куә болған көп әрекетіне себеп болып отыр, — дейді Анджела Стент. Сарапшының пікірінше, Кремль сыртқы саясаттағы осындай әрекеттерін Ресей аудиториясына мақтануға себеп ретінде көрсетіп, олардың назарын дағдарысқа ұшыраған экономика мен ел ішіндегі жағдайдан басқа жаққа аударғысы келеді.
Financial Times басылымының Мәскеудегі бұрынғы тілшісі, публицист Дэвид Саттер де «Ресей билігі халық назарын аудару үшін сыртқы агрессияға да баруға дайын» деген пікірмен келіседі. «Ішкі мәселелер өте қауіпті, шығыны ақталмайтын әскери агрессияге әкелуі мүмкін» дейді Саттер.