PUBLIC LECTURE: Әлем бейбітшілікке мұқтаж

0
19

Биыл қыркүйек айында өткен Әлемдік діндер өкілдерінің съезіне қатысқан, Бейбітшілік пен конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі халықаралық мұсылман ұйымы — Мұсылман ақсақалдар кеңесінің (БАӘ) бас хатшысы Мұхамед Махмұд Абделсалам әлемдегі қазіргі жағдайдағы Қазақстанның әрекеттеріне қатысты пікірін білдірді. 

Бұл туралы ол «M.Narikbayev Public lecture» жобасы аясындағы дәрісінде айтты. Әлемдік діндер съезін өткізгені үшін Қазақстан мемлекетіне алғыс айтып, бейбітшілік құру диалогын орнатудағы ұстанымына ризашылығын білдірді.

«Ресей мен Украина арасындағы болып жатқан соғыс бүкіл әлемге саяси және экономикалық тұрғыдан кері әсерін тигізуде. Әлемде түрлі соғыстар өтіп жатқанына қарамастан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы уақытта  конференцияны табандылық танытып өткізуі бейбітшілікті шынайы тұрғыда қолдайтынын көрсетеді. Қазақстан мемлекеті 20 жылдан бері Астана қаласында бейбітшілікке бағытталған шараларды ұйымдастырып келеді. Әлемге бейбітшілік ұстанымын таратуда. Оны қарапайым нәрсе деп қабылдамау керек, бұл өте маңызды, әсіресе бейбітшілік орнатуда. Орталық Азия аймағында Қазақстан Республикасын бейбітшілікті қолдаушы ел екеніне көзіміз жетті», — деді Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысыМұхамед Махмұд Абделсалам.

Мұхамед Махмұд Абделсалам бейбітшілік идеяларын ілгерілету, бірлікте өмір сүру мәдениетін тарату, толеранттылық пен тату көршілік әдістерімен бөлісті. Сонымен қатар, *Мұсылман ақсақалдар кеңесі мен М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Мұсылман ақсақалдар кеңесі – бейбітшілікті ілгерілетуге және диалог пен толеранттылық құндылықтарын бекітуге бағытталған тәуелсіз халықаралық ұйым. Бұл ұйымды Әл-Азһар шейхы, Бас имам Ахмед әт-Тайиб басқарады және оның құрамына әйгілі ислам ғалымдары кіреді.