Психологпен сұхбат: «Тәуелділік: екі адамға бір өмір»

0

Өзіміздің жақын туыстарымыздың, алыс-жақын таныстарымыздың арасында жасы отыз-қырыққа келсе де, әке-шешесімен бірге тұратын, сол кісілердің демеуіне әрдайым зәру болатын; шаңырақ көтергеннен кейін ішімдікке салынып кететін немесе ажырасып қайтып келетін адамдарды кездестіруге болады. Түптеп келгенде мұның астарында алғашқы даму кезеңдеріндегі ана мен баланың арасындағы симбиоздық байланыстың дұрыс болмауы жатыр.

Венгриялық психиатр дәрігер Маргарет Малер «адамның психозға түсуі, сондай-ақ, ересек шақта адамдармен қарым-қатынас құра алмауы, құрса да, шекара сақтай алмауының (пограничное расстройство личности) себебін бір жасқа дейінгі өмірінің екінші бөлігінен, аутистік, симбиотикалық және сепарация-индивидуация фазаларынан іздеу керек» дейді.

Аутистік фазада, яғни сәби жерге шыр етіп түскен күннен бір-бір жарым айға дейін өзін бөлек адам ретінде сезінбейді. Ол үшін айнала хаус, керек десеңіз өз тәнін де сезбейді. Осы фазада бала дұрыс дамуы үшін анасы сәбиінің «сыртқы МЕНІНІҢ рөлін атқарып», физиологиялық механизмдер арқылы гомеостазға жеткізіп отырады.

Осылайша сәби өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып аутистік фазадан симбиотикалық фазаға өтеді. Шамамен бір жарым айдан 5-6 айға дейін созылатын симбиотикалық фазада сәби өзі мен анасын бір адам деп қабылдайды. Бұл кезеңде «Мен» және «Мен емес» деген түсініктер қалыптасып үлгермейді. Сондай-ақ, осы аралықта сәби анасымен эмоционалдық байланыс орнату қабілетін игере бастайды. Өскенде достарымен, әріптестерімен, сыныптастарымен, әсіресе, әйелі/күйеуі/бала-шағасымен қарым-қатынасының қандай болатыны тікелей осы кезеңде сәби мен ананың арасындағы байланыстың қандай болатынымен пара-пара.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от KzNews порталы (@kznews.kaz)

Сәбидің келесі сепарация-индивидуация фазасынан қалай өтетіні, әрі қарай идентификация процесінің қалай жүзеге асатыны тікелей осы симбиотикалық фазаның «сапасына» байланысты.

М. Малердің зерттеуінше, бұл процесс сәбидің анасынан басқа өз ішінде дара репрезентация түзуіне алып келеді. Ал сепарация-индивидуация процесі кезінде сәби бірте-бірте өзі мен анасының екі бөлек адам екенін, әрқайсысының өз ерекшелігі бар екенін түйсіне бастайды.

Психикасының тұлғалық құрылымының қандай болатыны анасының қаншалықты эмоционалдық тұрғыдан ашық болатынымен байланысты. Егер дәл осы сепарация-индивидуация процесі дұрыс жүрмейтін болса, сәби өскен кезде қарым-қатынаста шекара сақтай алмайтын «пограничник» болады.

Осы шекара сақтай алмайтын адамдар өзінің «МЕНІН» толық сезбейді, тіпті, өзінің кім екенін айта алмай қиналады. Ересек шақта зиян тәуелділікке негізделген қарым-қатынаста болады, депрессияға түседі, ішімдік ішіп, түрлі психосоматикалық ауруға шалдығады. Отбасын құрып жатса да, ажырасып қайтып келеді.

Ал одан қалай емделуге болатыны және тәуелділіктің қандай түрлері болатыны туралы 15 ақпан күні сағат 21:00-21:45 арасында психолог Шолпан Мықтыбек айтып береді.

Тікелей эфир Instagram желісіндегі @kznews.kaz парақшасында өтеді. Сұхбат барысында тәуелділікке қатысты сауалдарыңызды қойсаңыздар болады. Сондай-ақ, алдын ала осы жазбаның астына қалдыруға болады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от KzNews порталы (@kznews.kaz)