«Күйеуі ұрған әйелге «шыдай түс» деу — өз еркіңмен өле бер дегенмен бірдей»

0
574
Сурет: ImaArtist

«Бәсеке бар жерде сапа артады»

Қазақстанда коуч-мотиватор, тренерлердің саны артқанына қуанамын. Өйткені, көп ұзамай олар сапа жағынан іріктеліп, білімдірек болуға ұмтылады. Өз кезегінде халықтың да талғамы өсіп, енді әлеуметтік желіде кездейсоқ лентаға шыққанды емес, нақты пайдасы тиеді, ақшам құры кетпейді дегенді іздеп жүріп таңдайды. Қажет десеңіз шет тілін меңгеріп, әлдеқайда алда келе жатқан әлемдік деңгейдегі мамандардың көмегіне жүгінеді. Ал жоғарыда айтқан сапалы мамандардың саны тағы да сапаға қарай жылыстап, бұл процесс үздіксіз жалғаса береді.

Екінші қуанышым — қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған коуч-тренерлер, коуч-мотиваторлар, психологтар арасында ер азаматтар санының артуы. Бұл жоқ дегенде Қазақстан бір бақытты отбасымен толықты деген сөз. Өйткені, шын психологиялық сауатты ер адам отбасындағы келіспеушіліктің конструктивті жолмен аяқталуына тікелей әсер етеді. Желіде мінсіз болып көрінетін жұптар арасында да кикілжің болатыны сөзсіз. Бастысы — осы келіспеушіліктің қандай шешім табатыны.

Үшінші қуанышым — коучтердің ғылым деңгейіндегі, сүзгіден, жеке тәжірибеден өткен білімді қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізуі. Мұнда екпінді «ғылым деңгейіндегі» тіркесіне түсіріп отырмын. Яғни олар шахматшы секілді білімді тәжірибе жүзінде қолданатын болса, соңғы нәтиженің қандай болатынын алдын ала біледі; проблемаға тек өзінің өткен өмірі деңгейінде емес, әртүрлі ракурстан қарайды. Мысалы, «өз-өзіңді сүю» тақырыбына екпін түсіру арқылы бұл коучтар психиканың «Ид», «Эго», «Супер Эго» бөліктерінің арасында баланс орнатуға себепші болады. Біздегі басты проблемалардың бірі — осы үшеуінің арасында тепе-теңдіктің жоқтығы: психикасында «Ид» бөлігі басым болса, адам қарым-қатынаста шекара сақтай алмайды, инстинкт деңгейінде нені қаласа — соны жүзеге асырады, ар-ұятты ұмытып пара да алады, белден төмен қанағаттануым керек деп көшеде кездескен біреуді зорлай салады, маза бермеді деп ашуына тиген адамды өлтіруі де ғажап емес. Керісінше «Супер Эгосы» тым үлкен әрі қатты болатын болса, діни фанатизм мен обсессивті-компульсивті бұзылуға шалдығады, «некесіз жүкті болып қалдым, ұят» деп сәбиін өлтіреді не өзі суицид жасайды және т.б. Ал адамның «Эгосы» дұрыс қалыптасқан жағдайда ол өзін тиятын жерде тияды, босаңсытатын жерде босаңсытады; жұрттың пікірін жұртқа қалдырады, өзінің шын мәнінде не қалайтынын анық біледі.

«Күйеуі ұрған әйелге «шыдай түс» деп ақыл айту — өз еркіңмен өле бер дегенмен бірдей»

Екпінді жоғарыдағы «әртүрлі ракурстан» сөзіне түсіргім келіп отыр. Мысал ретінде ең көп талқыланған Құралай ханымның өзінің күйеуінен таяқ жегенін «мақтанышпен» жазып, қоғамдағы зорлық-зомбылықты ақтауға себепші болуын алайық. Бұл бар болғаны қазақ қоғамындағы өзекті проблемаға өзінің өткен өмірі деңгейінде қарап отырғанына және әр адам үшін «норма» сөзінің әртүрлі екеніне бір дәлел. Мұндай азаматтарды «Күйеуім/әйелім екеуіміз осы күнге дейін садист-мазохист отбасы моделімен өмір сүргенімізді түсіндік. Мен ащы, намысқа тиетін сөздер айтып, оған тілім арқылы садист болғанымды, кейін екеуіміздің рөліміз ауысып мен мазохист-таяқ жеуші, ол садист-жазалаушы болғанын түсіндік. Бұдан былай оргазмді бір-бірімізге қол көтеру арқылы емес, ересек адамдарша жыныс мүшеміз арқылы алуды жөн көрдік, өзгеруге шешім қабылдадық» деп инсайт жасап жатса, түсінетін едім. Өйткені, бұл — емді қажет ететін ауыр диагноз; кез келген өзіне саналы анализ жүргізбеген адам қайткен күнде де ит пен мысық болып ырылдасып өткен (сценарий әртүрлі болуы мүмкін) әке-шешесінің тағдырын қайталайды. Ал барша қазақстандықтың алдында «қалай таяқ жегеніңді айта түс, қайын атаңмен қалай төсектес болдың» деу — астанамыздың төріндегі Бәйтеректің тұсына шақырып, бірге үлкен дәретке отырғанмен бірдей. Эмоционалдық дәретхана бар — ол психологтың, психоаналитиктің кабинеті. Басқа жерде мұндай әңгімелерді сүзгіден өткізе отырып айту арқылы — бала-шағамызды қорғаймыз.

Екіншіден, әйелдің/ер адамның бейсаналы қалауы болса да, бір индивидтің екіншісіне қол көтеруге, әсіресе, жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға моральдық және заң жүзінде құқығы жоқ. Жеке өзім алдыма келген клиенттің сұратымы отбасылық кикілжіңмен байланысты болса, мүмкіндігінше жанұяны сақтап қалуға ниеттенемін. Бірақ осы зорлық-зомбылық орын алған жерде емес. Мұндайда қарым-қатынасты тоқтатып, әр тарап өзінің қатесін түсініп, екінші рет бір-бірін сөзбен де, қолмен де ұрмайтындай дәрежеге жеткенде қайта қосылуға немесе бір-біріне лайық «имаго» еместігін түсініп бейбіт түрде айырылысуға болады. Шартты түрде Жібек өзінің әке-шешесімен сонау 5 жасқа дейінгі өмірінде орын алған проблемасын шешпейінше, Төлегенмен болған қиындық Бекежанмен де қайталанады. Егер проблема менде емес деп өзі құрған қиял әлемінен шықпай, Бекежаннан теріс айналып, Сансызбайға барып жатса да, сол проблема қайталанады.  Ал тұлға типі психопат ер адаммен бірге тұрып жатқан әйелге мүлдем «шыдай түс» деп кеңес бермеген абзал. Өйткені, мұндай қарым-қатынастың соңы екі тараптың бірінің өлімімен аяқталуы мүмкін. Оның үстіне психопаттар үшін таптырмас құрбан — өзінің туған баласы. Сондықтан күйеуі ұрған әйелге «шыдай түс» деп ақыл айту — «өз еркіңмен өле бер» дегенмен бірдей. Меніңше, мұндай қорлыққа шыдап жүрген әйел/ер адам ең болмаса перзентін ойлауы керек. Балаға бақытты балалық шақ сыйлайтынымызға сенімді болмасақ, тумаған абзал. Жылап жүрген он баладан, күліп жүрген бір сәбиді артық көремін.

«Клиентке шын көмектесемін деген маман психикалық кеңістіктің тазалығын қамтамасыз етеді»

Осы секілді минус-плюстерді ескере келе моральдық құқық пен психикалық кеңістік тазалығы мәселесі — алдыңғы қатарға шығады. Әрине, коуч-тренерлерге, коуч-мотиваторларға психоаналитиктер секілді алдымен 1 000 сағат теория, 600 сағат жеке анализ, 250 сағат топтық анализ, 250 сағат супервизия, бір клиентті супервизормен бірге 3,5 жыл бақыла, балалармен жұмыс істейтін болсаң, 600-дің орнына 1200 сағат жеке анализ өтесің, дипломды Америкада қорғайсың, т.б. деп қатаң талаптар қою орынсыз деп ойлаймын. Бұлай жіпке тізіп отырғаным —  бұл жаны ауырып келген науқаспен бір кабинетте отырып, оның бейсанасын сапалы зерттеу үшін ауадай қажет алғышарттар. Психологтар осыны ескерсе екен. Өйткені, терапия барысында психоаналитик, психоаналитикалық бағытта жұмыс істейтін психолог клиенттің әке-шешесінің орнына өз психикасын жалға береді. Сөзбен айтылған іріңді, ашу-ыза, кек, өшпенділік секілді ең жаман деген сезімдерін өзіне алып қалып, клиентке оны өңдеп қайтарады. Ал өзінің жеке басындағы қиындықтарын шешпеген маман клиенттің проблемасын алмақ түгілі, оған керісінше өзінікін қосып береді. Коуч-тренерлер үшін осының ішінде 600 сағат жан жарасын емдеу мен 1 000 сағат теорияны ұсынуға болады деп ойлаймын. «Неге 600 сағат?» деген сауал туындайтын шығар. Бұл жан емделіп қана қоймай, жаңа нейрондық байланыстар түзу үшін қажет. Мысалы, коучтың тренингіне келіп отырған адам «Менің енеммен қарым-қатынасым дұрыс емес. Не істесем болады?» десе, автоматты түрде өзінің өміріндегі қиындықтарды еске түсіріп, эмоцияға беріліп, объективті пікір білдіре алмайды. Ал толық жеке анализін өткен болса, сезімге ерік бермей, бар назарын клиенттің проблемасын шешуге бағыттайды. Меніңше, шын көмектесемін деген адам алдымен өзіне көмек береді. Тағы бір пайдалы тұсы — осыншама дайындықтан өткен маман ұсынар қызметінің бағасын әділ қояды. Білімсіз коучтар келіп бағаны аспандатады, кейін бәрібір іштей өз қызметінің сол бағаға лайық емес екенін сезіп, өзін кінәлайды. Ал кінә бар жерде сөзсіз жаза да бар. Осылайша сапалы дайындықтан өту арқылы коуч-мотиваторларды өзін қорғауға шақырғым келеді.

«Коуч-мотиваторлар феноменінің құдіреті неде?»

Психоанализде «идеализация мен құнсыздандыру» деген психиканың қорғаныш механизмін сипаттайтын егіз ұғым бар. Мысалы, желіде болсын, офлайн өмірде болсын, біреу келіп «Сіз сондай керемет жансыз, сіз менің өмірімді түбегейлі өзгерттіңіз, мен сіздің алдыңызда басымды иемін, бірінші — құдай, екінші — сіз тұрасыз» деп аһ ұрып жатса, алда осы адамның сізді жермен теңестіретініне сенімді бола берсеңіз болады. Неге? Бұл — адамның жан-жарасынан қашуы, әлі сол аутистік фаза (0-1,5 ай) мен симбиоз фазасындағы (1,5-5 ай) өзін құдай сезінетін күйден шыға алмауы. Алғашқы үш айда нәрестенің өзін қолынан бәрі келетін құдай сезінуі, нарцисс болуы — пайдалы әрі қалыпты. Бірақ үш айдан кейін емес. Сонда 30-50 жастағы адамның жай-күйі үш айлық нәрестемен бірдей болып тұр. Зиянды, шектен шыққан нарциссизм — шынайы махаббатты сезіне алмау, өзге адамды осы сезімге бөлеу қабілетінен айырылу.

Нарцистік травмасы бар коучтар «мен қиындығымды осылай жеңдім» деп көпшіліктің жалған қошеметіне, махаббатына бөленеді. Алдыңызда жай ғана коуч емес, құдды Ұлы Отан соғысының батыры тұрғандай күйге түсесіз. Нарцистің ата-анасы «салған жарадан» пайда болған «кеудедегі қуысы» қаншалықты үлкен болса, соншалықты жалған қошемет алуға әрекет етеді. Осылайша екі тарап та жан-жарасымен бетпе-бет кездесуден қашып, психотиктер секілді қиялында құрып алған жалған әлемде өмір сүреді. Бұл — мысал ретінде алынған бір ғана сценарий. Бұдан өзге де түрлі себеп бар. Тағы бір ескеретіні – дәл осылай сау нарцистердің болатыны. Олардың да желіде бірнеше миллион жазылушысы бар. Бірақ олар әке-шешеден ала алмаған махаббатты алу үшін ақылды, әдемі, мінсіз болып көрінуге тырыспайды. Керісінше өзінде бар шынайы махаббатпен, біліммен бөліседі.

Бізде дәл қазір эмпат, білімді, өз еңбегінің құнын білетін, кеңестері сылдыр су емес, пайдалы ақпаратқа толы коуч-мотиватор, тренер, психолог, психоаналитиктер бар. Санаулы болса да, сапа жағынан өте мықты. Бірақ бұлардың ешқайсысы адам өз өмірі үшін жауапкершілік алмайынша көмектеспейді. Қорыта айтсам, коучтердің тренингі көп жағдайда невротиктерге көмектеседі. Оның өзінде коучтың өзі невротик болса. Ал пограничник, психотик деңгейіндегі адамдардың жан-жарасын еселей түседі.

Қарлыға БҮЙЕНБАЙ