Прокурор «терроризмді насихаттады» деп айыпталғандарды ұзақ жылға соттауды сұрады
Алматының Алмалы аудандық сотында прокурорлар «терроризмді насихаттау» (Қылмыстық кодекстің 256-бабы) және «ұлттық және діни алауыздық тудыру» (174-бап) баптары бойынша айыпталғандарды ұзақ жылға соттауды сұрады.
Прокурор Мақсат Дәуірбаев айыпталған тоғыз адамның төртеуіне (екі бап бойынша айып тағылған) — 40 жастағы Жұлдызбек Тәуірбеков, 40 жастағы Болатбек Нұрғалиев, 36 жастағы Бекет Мыңбасов және 39 жастағы Ернар Саматовқа тоғыз жыл түрме жазасын беруді сұрады.
Ал «ұлттық және діни алауыздық тудырды» деп айыпталған қалған бес адам — 27 жасар Азамат Үмбеталиев, 34 жастағы Жасұлан Ысқақов, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назым Әбдірахманов пен 36 жастағы Есім Сулейменовтерге жеті жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Прокурор Дәуірбаевтың сөзінше, барлық айыпталушының кінәсі куәгерлер куәлігімен, іс материалдары және сарапшылар қорытындысымен деләлденген. Ал процесс кезіндегі айыпталушылардың тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартуын прокурор «жауапкершіліктен қашу» деп бағалады.
Прокурордың сөзінше, Болатбек Нұрғалиев «терроризм мен салафизм идеясын насихаттау мақсатында» топ құрған және осы ағым өкілдерін көбейту үшін тағы сегіз адамды топқа қосқан. Айыптау тарабының пікірінше, бұл азаматтар «әрекеттерінің қайшы екенін білсе де, ортақ мақсат қойып, әрекет еткен… діни тақырыптарды қызу талқылаған…қасақана терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудыратын радикалды жазбалар қалдырған».
30 шілдедегі прокурорлар сөзінен кейін екі бап бойынша айыпталған үш адам мен қорғаушылары сөз алды. WhatsApp тобының модераторы болған Болатбек Нұрғалиев терроризмнен аулақ ұстайтын ойларды насихаттағанын, бірақ тергеу орындарының сөзін контекстен жұлып алып, дұрыс интерпретация жасамағанын айтты. Ол өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып, соттан ақтауды сұрады. Одан кейін сөйлеген Мыңбасов пен Саматов та өздерінің қылмыс жасамағанын айтып, өздерін ақтауды сұрады.
Сот отырысының ендігі бөлігінде қалған айыпталушылар мен олардың қорғаушылары сөйлейді.
Тоғыз ер адамның үстінен қозғалған іс бойынша сот биыл наурыз айында басталған. Тергеу және айыптау органдары Қазақстанның әр аймағында тұратын тоғыз ер адам чатта «қасақана радикалды пікірлер жазды» деп санайды. Сотқа шақырылған сарапшы WhatsApp-тағы мәтіннен алауыздық пен террористік идеяларды насихаттау белгілерін таппады.
Осыған дейін Қазақстанда ондаған адам «терроризмді насихаттады» деп істі болған. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде Қазақстанда адамдардың діни еркіндігі әлі шектеліп жатқанын жазған. Есеп авторлары Қазақстанды азаматтардың «діни бостандығын тұрақты түрде өрескел бұзатын» елдер қатарына жатқызған. Комиссия есебінше, Қазақстанда діни қызметтер бойынша 2017 жылы 279 әкімшілік іс, 2018 жылы 165 әкімшілік іс қозғалған.