Прокурор Сириядан оралған ақтөбелікті бес жылға соттауды сұрады

0

26 шілдеде Ақтөбеде Сириядан оралған соң «терроризм» бойынша айып тағылған 29 жастағы Зарина Ақмалаеваның соты басталды. Сот процесіне айыпталушының туыстары, мемлекет тағайындаған адвокат Назгүл Дүйсенбекова, айыптау тарабы, ақпарат құралдары қатысты. Істі №2 қалалық сот судьясы Әлима Әділова жүргізді.

Судья айыпталушыдан деректерін сұраған соң прокурор айыптау қорытындысын оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қалидың айтуынша, 2014 жылы Сирияға барған Зарина Ақмалаева сол жақтан шешесіне WhatsApp Messenger-мен бірнеше мәрте хабарлама жолдап, «жихадқа шақырған». Прокурор 2015 жылғы қараша айында Сириядан жолданған хабарламалардан үзінді оқыды. Ол Ақмалаеваның өзіне тағылған айыпты мойындағанын, процессуалдық келісім жасауға дайын екенін айтты. Прокурор «терроризмді насихаттау», «діни алауыздық қоздыру» баптары бойынша айыпталған Зарина Ақмалаеваны бес жылға соттауды сұрады.

Өзіне сөз берілген кезде айыпталушы Зарина Ақмалаева тағылған айыптарды толық мойындайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы маусым айында кәмілетке толмаған қызын ертіп, Сирияға кетіп қалған. Қазақстандағы күйеуімен 2011 жылы ажырасып кеткен айыпталушы екінші қызының 2017 жылы Сирияда дүниеге келгенін айтты.

2019 жылғы мамыр айындағы «Жусан» операциясы аясында Ақмалаева екі баласымен бірге Қазақстанға жеткізілген. 2019 жылғы 28 мамырда терроризм айыбымен қамауға алынған. Айыпталушының үлкені — 11-де, кішісі 2 жаста. Олар қазір нағашы әжелерінің қолында.

Тараптарды тыңдаған судья Әлима Әділова кеңесу бөлмесіне кетті. Зарина Ақмалаеваға қатысты сот үкімі бүгін түстен кейін шығуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: «Мәйіттерді басып жүрдік». Соғысты көрген әйелдің хикаясы

Azattyq