Прокурор екі кінәліні 20 жылға соттауды сұрады

0

Денис Тенді 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді.

Алматыда спортшы Денис Теннің өлімі бойынша сот отырысында жарыссөз кезеңі басталды. Сот барысында прокурор үш сотталушыны жалпы алғанда 44 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Күндіз, халықтың көзінше адам өлтіру қылмысына заң бойынша ең ауыр жаза қолданылуы керек. Бұл оқиға қоғамдық тəртіпті сақтау саласындағы көптеген мəселелерді ашты. Жүргізілген сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушыларға тағылған айып толығымен дəлелденді деп санаймын. Арман Құдайбергеновті ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын.

Нұралы Қиясовты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Екеуінің əрқайсысынан 30 АЕК көлемінде айыппұл өндіруді сұраймын. Жанар Толыбаеваны жүктілігі мен 4 жастағы баласының барын ескере отырып, ҚР ҚК 58-бабын қолдана келе ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 434-бабымен айыпты деп тауып 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ол жазасын орта қауіпсіздіктегі жазалау орнында өтесін», — деді прокурор Қуандық Досов.

Ал Оксана Тен судьяға өз өтінішін жеткізді. Ол сотталушыларға тағылған баптарға қосымша қосуды сұрады. Атап айтқанда, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі, 8 тармағы — жалданып адам өлтіру туралы бапты қосуды сұрады.

«Осы мəселеге байланысты Алматы қалалық прокурорының атына сотталушыларға ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі, 8 тармағы — жалданып адам өлтіру деген айыпты тағу туралы жеке қаулы шығаруыңыздя сұраймын»,- деді Денистің анасы Оксана Тен.

Еске салсақ, Денис Тенді 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын. Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.

Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын. Айта кетерлігі, соттың соңғы отырысында сотталушы Нұралы Қиясов өз кінəсін ішінара мойындаған болатын.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/