Прокурор ағайынды Рысқалиевтерді ұзақ мерзімге соттауды сұрады

0

Ағайынды Рысқалиевтер және сегіз адамға ұрлық, алаяқтық, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену, жалған кәсіпкерлікпен айналысу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қызмет өкiлетін асыра пайдалану, пара алу және жалған құжат жасау баптары бойынша айыптар тағылған. Айыптау актісінде Бергей Рысқалиевтің мемлекетке келтірген зияны 72 миллиард теңге деп көрсетілген.

Олардың құқықтарын сотта адвокаттар Жүнісбеков, Назарбек, Есбосын және Қосымбаев қорғап жатыр.

Қазан айында басталған сот процесіне он айыпталушының ешқайсысы да қатыспаған. Олардың қайда екенін ешкім білмейді.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев

СУДЬЯНЫ АУЫСТЫРУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

15 қаңтарда өткен жарыссөзде адвокат Саян Жүнісбаев қылмыстық істегі белгісіз куәнің видеожазбасын жабық отырыста қарауды, қылмыстық іспен танысу үшін тағы уақыт беруді және қосымша сот тергеу тағайындауды сұрады. Оның сөзінше, прокурордың өзі айыптау актісін екі аптадан астам уақыт оқыған. Ал оған 754 томнан тұратын қылмыстық іспен танысуға бар болғаны 15 күн уақыт берген.

Ал прокурор Досбол Бақытжанов адвокаттың өтінішінің орындалуына қарсы екенін айтып, «куәнің жеке бас қауіпсіздігіне байланысты құпия жазбаны көру мүмкін емес» екенін айтты.

Екі тараптың пікірін тыңдаған судья Тыныштық Нұримова адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Бұған наразылық білдірген адвокат судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды талап етті.

— Бұл менің төртінші өтінішім. 754 томнан тұратын істі екі ай ішінде сот тергеуінде қарап шығу мүмкін емес. Куәнің видеожазбасын сот зерттеді ме, жоқ па, білмейміз. Бұл соттың істі бір жақты қарап отырғанын және айыпталушылары тезірек соттауға мүдделі екенін көрсетеді, — деді ол сотта.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Үзілістен кейін адвокаттың сотты ауыстыру туралы өтінішін қараған судья Хамидуллина «істі жүргізіп отырған судьяны ауыстыруға негіз жоқ» деп соттың бұрынғы құраммен жалғасатынын айтты.

Сот отырысының келесі бөлігінде прокурор Досбол Бақытжанов Бергей Рысқалиевті 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға, Рүстем Әлбақасовты 16 жылға, Мұрат Желдібаевты 8 жылға, Нұрлан Жұлмағамбетовты 9 жылға, Ерболат Ізбасарды 10 жылға, Айбат Сүлейменовты 10 жылға, Артем Данаевичті 10 жылға соттауды сұрады. Бұған қоса, олардың мүліктерін тәркілеп, он жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуды өтінді.

Ал адвокаттар жағы өздері қорғап жатқан адамдарды ешқашан көрмегенін, өздеріне тағылған айыптарға қатысты пікірлерін білмейтінін айтып, «адвокат ретінде тағайындаған соң жарыссөзге қатысуға мәжбүр» екендерін жеткізді. Адвокат Саян Жүнісбаев айыпталушыларсыз өткен бұл процесті «гуманды, демократиялық деп санауға болмайды» деді.

— Бұл өте ерекше және қиын мәжіліс. Сотталушылар өздерінің сотталып жатқандарын білмейді. Олар тірі ме, жоқ па, ол да белгісіз. Оларды өздерін қорғауға, соңғы сөз айтуға мүмкіндік бермеген бұл сотты конституциялық құқықтары сақталмаған жазалау соты деп айтуға болады, — деді Саян Жүнісбаев.

Ол сотталушылардың туыстарының жеке мүліктерін тәркілемеуді, оларды арестен шығаруды өтінді.

Ал айыптау тарабы онымен келіспейтінін, Рысқалиевтердің мүліктерін заңсыз, қылмыстық жолмен жинағаны дәлелденгенін айтты.

Судья Тыныштық Нұримова «бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында сот пікірталасының болатыны жайлы хабарланғанына қарамастан сотталушылардың соңғы сөз айтуға келмегенін» айтып, «жарыссөз өтті деп саналатынын» хабарлады.

Сот үкімі қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейін сот процестердің бірінде судья Тыныштық Нұримова айыпталушылардың жарыссөзге келіп қатысуы үшін қаңтардың 14-іне дейін уақыт берілгенін айтқан.

Бергей Рысқалиев Атырау облысын 2006-2012 жылдар аралығында басқарған. Сол жылы жазда қызметінен босатылған. 2012 жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали «өз өтінішімен» депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң ағайынды Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін «күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүр» деп, оларды бірнеше рет Астанаға тергеуге шақырған.

Дереккөз: Азаттық