Прокуратура журналист шағымының қаралмауы заңды деп санайды
Қарағанды облысының прокуратурасы Теміртаулық журналист Олег Гусевтің «кәсіби қызметке кедергі келтіру» жөніндегі қылмыстық ісінің тоқтатылуын заңды деп тапқан. Бұл туралы Азатыққа 1 наурызда журналист Олег Гусевтің өзі хабарлады. Ол прокуратураның жауабын 28 ақпанда алған.
Гусев «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясының басшылығы «маған қысым жасады, бопсалады» деп, «кінәлілерді жауапкершілікке тартуды» сұраған. Алайда Қарағанды облыстық соты «қылмыстық құрамы жоқ» деп тауып, істі жапқан.
«Прокуратураның жауабында да «АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлерінің әрекетінде қылмыстық құрам жоқ екені жазылған», — деді журналист Азатыққа.
Бұл шешіммен келіспеген Гусев оны әлеуметтік желіге жариялап, Бас прокуратура мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін бұл іске назар аударуын сұрады.
«Прокуратура мен полиция департаменті «АрселорМиттал Темиртау» трансұлттық компаниясын қорғап отыр деп айтқым келмейді, дегенмен бұл істің жабылуына қатысты көп сұрақ туындайды», — дейді Олег Гусев.