Прокуратура жалған хабар таратқандардың жазаланатынын ескертті

0
86

Қазақстан Бас прокуратурасы әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандардың жауапқа тартылатынын ескертті. Хабарлама 2 шілде күні ведомствоның ресми сайтында жарияланды.

Бас прокуратура мәлімдемесіне қарағанда, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көпе-көрнеу жалған ақпараттың тарауы жиілеп кеткен. «Атап айтқанда, Арыс қаласында 350 тұрғынның хабар-ошарсыз кеткені және қайта жарылыс болуына байланысты қалада тұру қауіпті екені туралы қауесет тарады» деп жазады.

Прокуратура хабарынша, «жалған ақпараттың тарауы көптің арасында үрей туғызып, Шымкент қаласында заңсыз акциялар өтуіне себеп болған».

Ведомство Қазақстанның жаңа ұлттық валюта – «алтынға» көшетіні және Шығыс Қазақстан облысындағы жерлердің шетелдіктерге сатылғаны туралы хабарламалардың жалған екенін жазады.

Ресми хабарламада прокуратура «жаппай тәртіпсіздіктерге арандатып, азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырғандар» мен жалған ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық кодекс бойынша сотқа тартылып, кінәсі дәлелденсе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескерткен.

Бүгін, 2 шілдеде Түркістан облыстық полиция департаменті Арыстағы жарылыстан кейін әлеуметтік желіде «жалған хабар таратты» деген күдікпен алты адам ұсталғанын хабарлаған. Департамент ақпаратына қарағанда, күдікті үш адамның ісі бойынша тергеу жұмыстары басталып, тағы үш азаматтың «профилактикалық әңгімеден» кейін босатылған.

Арыстағы жарылыстан кейін әлеуметтік желіде оқиға салдарынан қайтыс болғандар көп болуы мүмкін екені жайлы хабарламалар тараған. Билік «көп кісі қаза болған» деген ақпаратты жоққа шығарған.

Соңғы бірер күнде әлеуметтік желілерде «Арыстағы жарылыс жайлы жалған ақпарат таратқаныма кешірім сұраймын» деген азаматтардың видеосы тараған. Бұған дейін де «Шығыс Қазақстандағы жерлер шетелдіктер сатылып кетті деп жалған ақпарат тараттым» деген азамат видео арқылы «қазақстандықтардан кешірім сұраған«.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Үкімет мәліметі бойынша, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгініп, 80-тен астам азамат ауруханаға жатқызылған. Төтенше жағдайлар қызметі Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген деп хабарлаған.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Azattyq