прокуратура үгіт науқаны кезінде заңды бұзғандарға 7 іс қозғады

0

Заң бұзғандарға сот шешімімен 15 және 30 АЕК айыппұл салынған

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Сайлауалды үгіт науқаны кезінде бас прокуратура сайлау заңнамасын бұзғаны үшін 7 әкімшілік іс қозғады. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында Болат Дембаев сайлау алдындағы үгіттің заңдылығын қамтамасыз ету бойынша прокуратура тарапынан қабылданған шаралар туралы айтты.

Оның мәліметінше, сайлау алдындағы үгіт барысында бірқатар заң бұзушылық анықталған.

Тағы оқыңыз: Әлеуметтік желіде сайлауға қатысты сауалнама жүргізгендер жазаланды

«Сайлау туралы заңға сәйкес, қоғамда сайлауға қатысты сауалнаманы бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясына алдын ала жазбаша хабарлау қажет. Алайда желі қолданушылары заңның осы нормасын бұзып, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда сауалнама жүргізген. Осыған байланысты прокуратура Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша үш азаматқа және төрт заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғады», — деді Дембаев.

Заң бұзғандарға сот шешімімен 15 және 30 АЕК айыппұл салынған.

Бұған қоса, президенттікке кандидаттардың бірінің үгіт материалдарын қасақана бүлдіру фактісі анықталған. Бұл факт бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына 15 АЕК айыппұл салынды.

«Мұндай фактілерді болдырмау үшін бас прокуратура 8 және 23 мамырда БАҚ-та сайлау бойынша сауалнама жүргізу тәртібін түсіндіріп, баспасөз хабарламаларын жариялады. Барлық заңдылықты сақтауға шақырды», — деп еске салды ол.

Ол, жалпы осы жолғы электоралды кезең құқықтық базаға сай өтіп жатқанын атап өтті.

Айта кетсек, бүгін сайлауалды үгіт науқанының соңғы күні. Ертең, 8 маусым – тыныштық күні, кез келген үгіт жұмыстарына тыйым салынады.

Қазақстандағы президент сайлауы

Кезектен тыс президент сайлауы осы жексенбі, 9 маусымда өтеді.

Осы жолы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне жеті кандидатты тіркеді:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәді-Бек Түгел.



sputniknews.kz