Домой Жаңалықтар Прокуратура LRT ісі бойынша: «Мәсімовтен жауап алудың қажеті жоқ»

Прокуратура LRT ісі бойынша: «Мәсімовтен жауап алудың қажеті жоқ»

0
55

Елорда прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың ҚР ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің LRT-нің жанжалды ісін тергеуге кедергі келтіргені туралы ақпаратына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды кznews.kz сайты Bugin.kz порталына сілтеме жасап.

АҚШ-қа қашып кеткен Astana LRT компаниясының қаржысын жымқырды деген күдікті Қанат Сұлтанбеков Facebook желісінде Кәрім Мәсімов туралы жазба жариялаған еді.

«Мәсімовтың Астана LRT жобасын тергеуге неліктен араласқаны және жобаның ақшасын жымқырды деп мені не себепті айыптағаны белгілі болды. Мен 2015 жылдың желтоқсанында осы жобаның несиелік құжаттарына қол қойған кезде сіз Қытай Даму банкінен несие алудың алдында тұрдыңыз», — деп жазды ол.

Ал, елорда прокуратурасы бұл жазбаға түсініктеме берді.

«Сұлтанбековтың Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы К.Мәсімовке қатысты жазбасына байланысты, соңғысы іс бойынша айыпталушы болып табылмайтынын, сондықтан одан жауап алудың қажеті жоқ екенін хабарлаймыз», — деп түсіндірді прокуратура.

Сұлтанбеков, Бас прокуратураның мәліметінше, АҚШ-та жасырынып жүр. Қазақстан оны экстрадициялау туралы өтінішті АҚШ-тың Әділет министрлігіне жолдады, қазір ол қаралып жатыр.

Astana LRT ісіне қатысы бар Astana Innovations басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім босатылды, деп хабарлады оның адвокаты Джохар Өтебеков Facebook парақшасында.

2021 жылдың мамырында сот Astana LRT ісі бойынша үкім шығарды. Жеті айыпталушы 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Талғат Әшім жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Содан кейін қалалық сот үкімнің күшін жойды. Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін құқық бұзушылықтарды жою үшін іс прокурорға қайтарылды.

Тергеушілердің мәліметінше, LRT құрылысы кезінде 5,8 млрд теңге ұрланған. Қылмысты ұйымдастырушылар ретінде елорда әкімінің экс-орынбасары Сұлтанбеков пен «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан танылған. Екеуі де халықаралық іздеуде. Соңғы мәлімет бойынша, Ардан Түркияда, Сұлтанбеков АҚШ-та жасырынып жүр. Сұлтанбековтың әйелі Instagram желісінде Манхэттендегі сәнді өмірдің суретін жариялап, «Мен бай болуға рұқсат бердім!» деген жазба жариялады.

Сұлтанбеков пен Арданға шынымен де іздеу жарияланғанына халық күмәнданды. Өйткені, олар Интерпол сайтында іздеуде жоқ. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов барлық қашқындар туралы ақпарат Интерполдың сайтында жарияланбағанын, негізінен адам өлтіру, лаңкестік қылмыстар мен тонау жасады деген күдікке ілінгендердің деректері жарияланатынын түсіндірді.