Прокуратура бейбіт митингіде заң бұзбауды талап етті
Нұр-Сұлтан мен Алматы прокуратурасы 30 маусымға белгіленген бейбіт митингіге қатысушылардан заң бұзбауды сұрады. Құзырлы орган митингіге қатысушыларға «өзге адамдардың құқығы мен бостандығын құрметтеуге» шақырып, жиын «белгіленген жерде әрі келісілген мерзімде өтуі тиіс» екенін ескертті.
Прокуратура митингіге қатысушыларды жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтірмеуге, жасыл желекті бүлдірмеуге, рұқсатсыз киіз үй немесе шатыр тікпеуге, инфрақұрылым нысандарының жұмысына зиян тигізбеуге шақырды.
Прокуратура «тәртіп бұзылған жағдайда митинг жергілікті атқарушы орган өкілдерінің талабы бойынша тоқтатылатынын, егер шерушілер оған көнбесе, полиция шара қолданатынын» айтты.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртайға, Алматы әкімдігі белсенді Әлнұр Ильяшевке 30 маусым күні бейбіт митинг өткізуге рұқсат берген. Алматыдағы митинг 10.00-12.00 арасында «Сарыарқа» кинотеатрының артында өтеді. Ал Нұр-Сұлтандағы митинг 11.00-13.00 арасында «Жерұйық» паркінде болады.
Әлнұр Ильяшев бұған дейін әкімдікке митинг өткізуге 35-рет өтініш жазып, рұқсат ала алмаған еді.
Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат етілген митингіні ғана заңды деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын
Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда «мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны» жазылған.
1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.
Осы заңның 11-бабында «әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы» деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат алу қиын. Жергілікті әкімдіктер «митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын» айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның дерегінше, 2012 жылдан бері елде бейбіт жиын саны бес есеге азайған.
9 маусым Қазақстан президентін сайлау күні Алматыда халық билікке қарсы наразылыққа шыққан. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі бұл митингіне «заңсыз» деп атап, мыңнан астам адамды ұстаған. Кейін президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына берген сұхбатында елде бейбіт митингіге рұқсат беріле бастайтынын айтқан.