Притон ұстау мен жеңгетайлық ауыр қылмыс санатына жатқызылмақ

0

Притон ұстау мен жеңгетайлық ауыр қылмыс санатына жатқызылмақ. Мұндай түзету Мәжілістің жалпы отырысында қаралып жатқан «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына ілеспе құжатта көзделген.

Ішкі істер министрі Ерлан Сәденовтің айтуынша, заң жобасына 2 ілеспе құжат бар. Оның біріншісі — «Бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Осы ілеспе заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске «адам саудасымен байланысты қылмыстар» ұғымы енгізіледі. Жасау тәсілдері бойынша «адамды қанау» ұғымы кеңейтіледі.

«Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі, яғни «притон ұстау және жеңгетайлықты» «интернет желісі арқылы» жасау деген жаңа саралау белгісі көзделді. Осылайша, бұл қылмыс ауыр санатқа жатқызылады», — деді министр.

Мұнан бөлек, оның сөзіне қарағанда, Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің әлеуметтік арнаулы қызметтер алуға құқығы көзделді. Бұл ретте оларды осы құқықтары туралы хабардар ету бойынша тергеушілерге міндеттер жүктелді.

«Бұдан басқа, «Неке және отбасы туралы» кодексте: лауазымды адамдарға балалар қалдырылған жағдайда, олар бұл туралы прокуратураға хабарлау міндеті бекітілді. Атап айтқанда, приюттер, балалар үйлері және басқа да ұйымдарды қамтиды. «Жәбірленішулерге өтемақы қоры туралы» Заңға қосымша үш қылмыс түрі, яғни қанау мақсатында ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, және жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізілді», — деді Ержан Сәденов.

Сонымен қатар ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілетіндігін айтты.

«Бұл жерде балаларды өздеріне қалдырғаны туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдардың, приюттердің, балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік көзделіп жатыр», — деді ол.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары негізгі заң жобасы мен оған ілеспе 2 заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.