Приднестровье экс-басшысы сырттай 16 жылға сотталды

0

Молдованың жікшіл Приднестровье аймағының соты өзін-өзі жариялап алған республиканың бұрынғы басшысы Евгений Шевчукке 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Үкім желтоқсанның 21-і күні шыққан.

Сот ұйғарымы бойынша, Шевчук пара алу және қызмет өкілетін асыра пайдаланумен байланысты қылмысқа қатысты айыпты деп танылған. Сот оған Приднестровье ақшасымен 600 миллион рубль (30 миллион еуродан астам) айыппұл салған, өз-өзін жариялаған республикада атынан алған барлық мемлекеттік наградаларынан айырып, мемлекеттік қызмет атқаруына бес жылға тыйым салған.

Евгений Шевчук 2011 жылдан 2016 жылға дейін Приднестровье аймағын басқарған. 2017 жылы оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол қайыққа мініп, Днестр өзенімен Молдоваға қашып барған. Шевчук өзіне қарсы «саяси қуғын жасалып отырғаны» туралы мәлімдеп, оған Приднестровьедегі ең ірі компания – «Шериф» корпорациясы басшылығын айыптайды. Шевчуктың сөзінше, корпорация Приднестровьедегі бүкіл саланы бақылауында ұстап отыр.

Орыстілді тұрғындар басым тұратын Приднестровье аймағы 1990 жылдардың басында Молдовадан «тәуелсіздігін» жариялаған. Халықаралық қауымдастық жікшіл аймақты Молдованың бөлігі деп санайды. Ресми Кишинев Ресей сепаратистік аймақта әскерін ұстап, Приднестровьенің Молдоваға қосылуына кедергі жасап отыр деп бірнеше рет мәлімдеген. Ресей Приднестровьедегі әскерін «бітімгершілік мақсатпен» ұстап отырғанын айтады.

Дереккөз: Азаттық