Президенттің Жолдауындағы экономикалық әртараптандыру: Ішкі өндірісті дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты шаралар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында экономиканы әртараптандыруға баса назар аударды. Онда: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» екеніне баса тоқталды.
Жалпы мемлекеттің сыртқы импортқа тәуелділігінен арыла отырып, өзіміздегі өңдеуші өнеркәсіпке, басқа да экономикаға нақты көмек болатын, өзіміздің ішкі сұранысымызды қанағаттандыратын бағыттарға қарай нақты тапсырмалар берген еді.
Жолдаудағы айтылған бағыттарға қатысты бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Біз оныәрдайым бақылап отырдық. Мәселен, 1 триллион теңгеге жуық қаржыны құрайтын 170-тен астам жобалар жүзеге асырылды. Мысалы Астана қаласында Америкамен бірлесе отырып, МРТ, УДЗИ сияқты медициналық құрылғыларды әзірлейтін кәсіпорын ашылды. Бұл медициналық мекемелерге қажетті отандық өнімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай қажетті бағыттанақты нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Биылғы Жолдауда біз бірнәрсені ескеруіміз керек. Жолдаудың өзі бір жылға бағытталатын болса, сол жылда біз үлкен бағдарламаларды анықтаймыз да, келесі жылы басқа бағытқа ауытқып кетеміз. Экономикада толыққанды дәрежеге жету үшін сол жасалған жобалар кем дегенде үш, бес жылға дейін созылуы қажет. Сондықтан былтырғы жасалған жұмыстарды нақтылайтын, пысықтайтын, олардағы кейбір кемшін тұстарды, ескерілмей қалған тұстарын қамтитын жолдарын қарастыруымыз керек. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі дейміз. Оның дамуына, өркендеуіне қатысты қандай нақты жұмыстар атқарылды? Соны сараптап алған жөн.
Сондай-ақ қазіргі уақытта экономикадағы айқын бағыт– отандық тауар өндірушілерге қарай назар аудару. Нақты көрсеткіштер болуы қажет. Ол үшін өңірлердегі өңдеуші өнеркәсіптің дамуына облыс әкімінен бастап, аудан, ауыл әкімдерінің жауапкершілігін күшейткен жөн. Бұл әрі облыстың рейтингіне де әсер етуі қажет. Әкімдердің жұмысы инвестициялық тартымдылық, өндірісті көбейту, өнеркәсіптің күшеюіне әсер етуінен көрініс тапқаны дұрыс. Отандық кәсіпорындарды көрсетпейміз, қандай да бір қондырғы алатын болсақ, оны біз сырттан тасуға мәжбүрміз. Мемлекеттік сатып алудың мәселесін тындырып жатырмыз. Мемлекеттің үлкен қаражатының сыртқа кетуіне тікелей әсер етіп жатырмыз. Сол қаражат сыртқа емес, ішкі нарықты дамытуға жұмсалса, ол ішкі отандық өнімнің дамуына қызмет етсе, құба-құп. Сонда ғана экономиканың дамуында ілгерілеу болар еді. Яғни, экономиканы әртараптандыру деген мұнайдан түсетін қаражаттарды айналып келіп, өзіміздің отандық экономикаға жұмсайтын секторға айналдыру деген сөз. Міне, осындай бағыттар Президенттің биылғы жылғы Жолдауында нақты көрсетілсе, оның нәтижесі де жоғары болады.
Президент айтқандай, «Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет».
Бауыржан Ысқақов,
экономист