президенттің тапсырмасы сөзсіз жүзеге асырылады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының жарлығымен ректорларды тағайындау тәртібі өзгергенін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Мемлекет басшысының жарлығымен ұлттық ЖОО-ның ректорларын тағайындау тәртібі өзгерді. Меніңше, бұл маңызды шешім. 2008 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларын ҚР президенті тағайындап келді. Бұл шешім сол кездегі ірі жоғары оқу орындарына басқару және академиялық дербестік беру қажеттілігінен туындаған болатын», — деп жазды Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, бас кезінде ұлттық университеттер Назарбаев Университеті сияқты болды. Білім және ғылым министрлігі олардың жұмысына араласқан жоқ. Мұндай саясат өз нәтижесін берді. Дегенмен, бәсекенің жоқтығы және ректорды президент тағайындау жүйесі оқу орнының дамуына оң ықпалын тигізбеді.

Оған қоса, өткен жылы барлық жоғары оқу орындарына академиялық және басқару дербестігі берілді. Университеттер өз еркімен шешім қабылдайтын болды. Осыған байланысты биылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларын конкурстық негізде тағайындау бастамасы қолға алынып отыр. Министр осы жүйенің артықшылықтарын да тізіп шықты.

«Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екіншіден, айқындылық. Барлық кандидаттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Бұдан әрі, Білім және ғылым министрінің төрағалығымен республикалық комиссия үміткерлері ұсынып отырған «Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламалары» жобаларын қарастырады», — деп атап көрсетті Аймағамбетов. 

Бұдан бөлек, қоғам алдындағы жауапкершілік бар, дейді ол. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы сөзсіз жүзеге асырылатын болады. Өз тарапымыздан, өткізілетін конкурстардың айқындылығы мен адалдығын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз», — деді министр.



sputniknews.kz