Президенттің сыйлығын алды | «Айқын» газеті

0
122

Алматы облысының орталығында «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты балаларға арналған Президент шыршасы ұйымдастырылды. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өткен жаңажылдық мерекеге Жетісу жерінің әр аймағынан жиналған ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мүм­кіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың жеткіншектері мен жетім балалар, балалар үйінде тәрбиеленушілер, оқу үздіктері – жалпы саны 200 бала қатысты.

Президент шыршасының кішкентай қонақтарын танымал ертегілер мен мульт­фильмдер кейіпкерлері, анима­тор­лар, бишілер, әншілер мен цирк өнер­паздары қуана қарсы алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көгілдір экран арқылы балаларға өзінің бейнеқұт­тықтауын жолдады.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та ортақ мерекеден қалыс қалған жоқ. Жеткіншектерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Қымбатты балалар! Сендер жаңа ғана ел Президентінің өздеріңізге ар­на­ған ізгі лебізін тыңдадыңыздар. Елбасы өз тілегінде сендердің тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқан бақытты балалар екендеріңді атап өтті. Біз өз тарапымыз­дан сендерге және барлық балаларға қатысты ізгі баста­маларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Ең бастысы, жақсы оқып, зейінді болып, үлкенді құр­меттей біліңдер. Бүгінгі мереке сендер үшін ұйымдастырылып отыр. Жаңа жылда аяулы армандарың орын­далсын, сен­дерге мықты денсау­лық, көтеріңкі көңіл күй тілеймін. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! 2019 жыл сендерге мол қуаныш, жақсы жаңалықтар әкелсін, – деген өңір же­текшісі Мемлекет бас­шы­сының атынан әр балаға жаңажылдық сыйлықтар – қыстық сырт және спорт­тық киім, мектеп сөмкесі, тәттілер, құт­тықтау хаттары мен кітаптар тапсырды.
Балалардың атынан «Айналайын» балалар үйінің тәрибеленушісі, 5-сынып оқушысы Ирина Веснина мен №1 ба­лалар үйінің 7-сынып оқушысы Ұлық­пан Қабылбеков ортаға шығып, жаңа­жылдық мереке мен бағалы сый­лықтар үшін Президенттің атына балалық тілектерін айтып, еркін елдің еңселі азаматы болуға бар күш-жігерін арнай­тындарын жеткізді.
Шырша тойы барысында қыс мез­гілінің ерекшеліктері мен жаңажылдық таңғажайыптар туралы театрлан­ды­рылған шоу көрсетілді. Аяз Ата мен Ақшақар, балалардың сүйікті мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлері, ани­маторлар мен әртістер мерекенің ме­рейін тасытып, шырайын кіргізді. Цирк әртістері мен гимнасттардың өнері де балалар көңілінен шықты.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Дереккөз: Айқын