Президенттіктен кеткен Назарбаевтың атағы көбейді

0

Мамырдың 29-ы күні Нұр-Сұлтанда өткен Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесі (Еуразия экономикалық одағының бас органы — ред.) отырысында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті төраға атағы берілді.

Еуразия экономикалық одағы құрылғанына бес жыл толуына орай ұйымдастырылған саммитке одаққа мүше бес мемлекет: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей президенттері келді. Жиынға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да қатысты.

Жиын қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында Беларусь, Қырғызстан мен Ресей басшыларына бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырғаны туралы ақпарат тараған.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа лауазымы туралы сарапшылар пікірі екіге жарылды. Бір топ «Нұрсұлтан» есімі жиі аталған оқиғаларды «күлкілі» санап, олардың маңыздылығына күмәнмен қараса, екінші топ соңғы оқиғалардан терең әрі салмақты астар іздейді.

«ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ БАСТАМАСЫНЫҢ АВТОРЫ»

Соңғы топтағы сарапшылар пікірін қолдаушылардың бірі — билік пен оппозицияда қатар болып көрген 71 жастағы экономист Петр Своик. Оның пікірінше, Еуразия экономикалық одағын экономикалық емес, «қалыптасқан» және «жұмсақ формадағы» саяси одақ деуге әбден болады. Ол Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесі жиынын «саяси саммит», ал Назарбаевтың атағын «тарихи қажеттілік» көреді. Оның сөзінше, Назарбаев Совет одағы тарағаннан кейін постсоветтік елдер әріптестігінің маңызын бірден түсініп, интеграциялық процестерде басқалардан бұрын белсенді тұлғаға айналған.

— Сондықтан бүгін тарихи қажеттілік бойынша, постсоветтік саяси субъектілер арасында Нұрсұлтан Назарбаев ерекше аталды, — дейді Своик.

Петр Своик Назарбаевтың құрметті төраға болып тағайындалуынан маңызды өзгерістер күтпейді. Оның пікірінше, тағайындаулар тарихы жалғасын тауып, Владимир Путин Кремльден кеткен күні Еуразия экономикалық одағының құрметті емес, шынайы төрағасына айналуы мүмкін.

Қазақстан-неміс университетінің профессоры Рустам Бурнашев құрметті төраға дәрежесін Назарбаевқа ілтипат білдіру үшін ойлап тапқан деген пікірмен келіседі. Бірақ сарапшы Еуразия экономикалық одағының бірлестік ретіндегі маңызын жоққа шығармайды. Ол негізінен техникалық мәселелерді шешуге жауапты жаңа қызметтің рөлін ұйым жұмысына серпін беруге деген талпыныспен байланыстырады.

— Бұл — сөзсіз, одақ құрылымын реттеудің бір формасы. Мәселенің тұлғаға бағытталған қыры да бар: бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан билігінен кетуіне (формалды тұрғыда болса да) байланысты, «еуразиялық интеграция» бастамасының авторы ретінде құрмет көрсету, — дейді Бурнашев.

РЕСЕЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ КӨЗҚАРАСЫ

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темір Сариевтің пікірінше, Еуразиядағы интеграциялық процестерге «өте зор» үлес қосқан Назарбаев өз елінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал беделді тұлға. Сариев Қазақстанды «постсоветтік елдердің дамуына үлгі болатын мемлекетке» жатқызады. Ол Азаттыққа білдірген пікірінде:

— Менің ойымша, интеграциялық процестер сыртқа тауар шығаратын елдерге пайдалы. Өйткені бұл процестер ішкі нарықты қорғау шараларының алдында бірыңғай ережелер құруға көмектеседі. Болашақта қаржылық және энергетикалық қызметтердің ортақ нарығы қалыптасады деп ойлаймын. <…> Еуразия экономикалық одағына мүше елдер президенттері Жоғарғы кеңестің құрметті мүшесі ретінде қатысатын жиында Назарбаев олармен бірге интеграциялық мәселелерді көтереді, — деді.

Ресей саясаттанушысы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Назарбаевтың еуразиялық интеграциялық процестердегі рөлін «атап өтуге тұрарлық» деп мойындағанымен, қазір оған шектен тыс назар аударылуын жөн көрмейді. Оның ойынша, Еуразия экономикалық одағының жұмысын Назарбаевтың үйлестірушілік рөлімен ғана байланыстыру одақ идеясының аясын тарылтады.

— Одақ экономикалық қажеттілік пен мемлекеттер арасындағы баламасыз әріптестік негізінде дамуы керек. Оның қызметін үнемі бұл идеяның негізін салушы адамды ұлықтау арқылы жүргізуге болмайды. Назарбаевтың көзі кеткенде не болады? Одақ құрдымға кете ме? <…> Сондықтан болып жатқан жайттарға қарау көңілге қаяу түсіреді, — дейді Аркадий Дубнов.

Ресейлік тәуелсіз сарапшы Александр Князев жаңа лауазым Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап дайындалған деп есептейді. Сарапшының пікірінше, бұл қызметтегі адамға әріптес мемлекеттер арасында екіжақты қарым-қатынас деңгейінде (Ресей-Беларусь, Ресей-Қазақстан, Қырғызстан-Қазақстан) туған мәселелерді реттеу жүктеледі.

— Енді оларға арнаулы комиссия құрудың қажеті жоқ. Бір мәселе туа қалса, Назарбаев келісе алмаған қос тарапты жеке кездестіріп, мәселені шешуге көмектесе алады, — дейді Князев. Ол Назарбаевтың үш елдің басшысына орден тапсыруын «кешіруге болатын осалдық» деп бағалады.

— Оның өмірдегі қызығушылығы — ойыншықтар. Кез келген адамнан табылатын мұндай кішігірім осалдықтарды кешіру керек. Жалпы алғанда, олар үлкен істің басында жүр. Бұған қатысты күмәнім жоқ. Бірақ мұның қалай жүзеге асып жатқанымен келісе алмаймын, — дейді Александр Князев.

Азаттық радиосы Беларусь қызметінің саяси шолушысы Юрий Дракахруст жаңа лауазымның «ешкімге пайдасы жоқ» деп есептейді.

— Бұл – саясаткерлер, әсіресе диктаторларға жақсы таныс «даңғойлық жәрмеңкесі». Еуразия экономикалық одағы басшылары шығыста жағымпаздық танытуда гомеопат болмау керегін жақсы біледі. Құрметті төрағалықтың еш мәні болмағанымен, бұл Назарбаевқа жағымды әрекет. Өйткені осы арқылы олар Қазақстанды шын мәнінде кім билеп отырғанын түсінген, құрметтеген кейіп танытады, — дейді Юрий Дракахруст.

Дракахрусттың пікірінше, «құрмет көрсету» жоспары межесінен артық орындалған.

— Бұл Брежнев туралы әзілді еске түсіреді: «Леонид Ильич, біз сізді ғылым академиясының құрметті президенті етіп сайладық». «Рақмет, ал мен жазушылар одағының төрағасы боламын». Нұрсұлтан Әбішұлы да осы сияқты, — дейді Дракахруст.

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағын еуразиялық интеграция идеясының авторы ретінде алды. 1994 жылы наурыздың 29-ы күні М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстанның сол кездегі президенті еуразиялық интеграция идеясын «тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы әріптестігі» форматында түсіндірді. 20 жылдан кейін осы идея негізінде Еуразия экономикалық одағы құрылып, 2014 жылы мамырдың 29-ы күні Астана қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей шартқа қол қойған.

Елді соңғы отыз жыл бойы үзіліссіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 20-ы күні президент қызметінен кетті, алайда бірқатар маңызды өкілеттігін сақтап қалды. 2018 жылы Назарбаев конституциялық орган мәртебесі берілген Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға мүмкіндік алды.

Бірінші президентке берілген елбасы («ұлт көшбасшысы») мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Бұл Назарбаевқа және оның отбасына кез келген азаматтық және қылмыстық қудалаудан аман қалуға кепілдік береді. Наурыздың 20-ы күні Назарбаевқа Қазақстан қахарманы атағы берілді. Ал мамырдың 24-і күні Түркияның ұсынысы бойынша, Назарбаев Түркі кеңесінің өмірлік құрметті төрағасы деп жарияланды. Енді оған құрметті сенатор атағы берілуі мүмкін.

Назарбаев билікте болған жылдары бірнеше рет «қызметін асыра пайдаланды», «өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты», «билікке наразыларды қудалады» деп айыпталған. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат бостандығын шектеп отырғандар тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.

Azattyq