Президенттікке үміткер Ерғалиев сайлауға қатысу өтінішін қайтарып алды

0

Қазақстан мәжілісінің бұрынғы депутаты, Қазақстан құрылысшылары одағы президент сайлауына үміткер ретінде ұсынған Талғат Ерғалиев құжаттарын қайтарып алды. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақ жол» хабарлауынша, Ерғалиев пен партия төрағасы Азат Перуашев кездескен. Перуашев Ерғалиевтің «сайлауға қатысу ниеті қолдап, шешіміне құрметпен қарайтынын» айтқан.

Бірақ, партия сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Ерғалиев партия төрағасымен әңгімелескеннен кейін «Ақ жол» партиясына сый-құрметін білдіріп, орталық сайлау комиссиясынан өтінішін қайтарып алатынын мәлімдеген. Ол «Ақ жол» ұсынған жалғыз кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды науқанына қатысуға әзір екенін айтқан.

Перуашев Құрылысшылар одағының төрағасының «ер-азаматқа тән әрекетіне алғыс білдірген».

Партияның жазуынша, 24 сәуір күнгі «Ақ жол» партиясының съезінде алты үміткер бойынша құпия сайлау өткен. «Талғат Ерғалиев партия атынан сайлауға түсуі мүмкін үміткерлер тізімінде болған. Құрылысшылар одағының жетекшісі 31,6 пайызға дауысқа ие болып, екінші орын алған» деп жазады «Ақ жол».

Бірақ партия мүшелерінің көбі Дания Еспаеваны қолдап, дауыс берген.

51 жастағы Талғат Ерғалиев Ақмола облысында туған. Мамандығы — инженер-механик. 2012-2016 жылдары парламент мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болған. Мәжіліске «Ақ жол» партиясы атынан сайланған.

2010 жылдан бастап Қазақстанның құрылысшылар одағына жетекшілік етіп келеді.

Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады. Елде кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

Azattyq