Президенттікке үміткер Амангелді Таспихов дауыс берді
«Қазақстан кәсіподақтар федерациясы» ұйымынан кезектен тыс президент сайлауына қатысып жатқан Амангелді Таспихов 9 маусымда Нұр-Сұлтандағы №111 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісі хабарлады. Президенттікке кандидаттардың барлығы бүгін Нұр-Сұлтаннан дауыс береді.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан коммунистік халық партиясы»;
Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы.
Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы;
Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы;
Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.
Сайлауға 1000-нан астам бақылаушы тіркелген.