Президентті жақтаған Тамара Асарды оқырманы «жағымпаз шегірткеге» теңеді: Әнші жауап берді

0
774

Тамара Асар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сұхбатына қатысты оңды көзқарасымен бөлісемін деп оқырмандарымен дауласып қалды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Тамара Асар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» Ұлттық арнасына берген сұхбатына қатысты ойымен бөлісті.

«Мемлекеттік ана тілімізде берілген сұхбатты “Тіліміз өзімізге ғана керек”-деп бастады президент мырза! Осыған дейінгі болған, болып жатқан өзекті мәселелерге талдау жасап, Жайна ханымның қойған батыл да, ашық сұрақтарына, ел ішіндегі өзіне де, өзгеге де қатысты сындар мен міндердің жауабын, әлі де болған жайттың ресми шешімдерінің болатынын, үлкен тергеу анықтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, өз ойын, өз ана тілінде Қазақстан Республикасының президенті ғана емес, Қазақтың перзенті ретінде аса жауапкекершілікпен пікір білдіргеніне риза болып отырдым. Көңіліме қонған маған керек тұстарын, жоспарларының халыққа тиімді жақтарын өзіме түртіп алдым. Наурыз айында саяси реформаларды жариялайтынын айтты, сол реформалардан жақсы жағымды жаңалық күтемін», — деді Асар.

Осы ретте кей желі қолданушылары әншіні «жағымпаз шегіртке» деп айыптап, орынсыз сынаған. Солардың арасында бір жігіт:

«Сенген қойым сен болсаң. Өңшең жағымпаз, туфли жалағыштардан қашан құтылады екенбіз? Сендер жай ғана шегіртке екендеріңді дәлелдеп қойғансыңдар», — деп жазған.

Тамара Асар өзін «шегірткеге» теңеген бұл жігітті тікелей эфирге шақырды. Болашақта ән жаздыратынын айтты.

«Мына ақын болғысы келетін жігіт әнші апалары мен ағаларын «шегіртке» деп атапты. Өзінің шығарған туындысын бір жас әнші орындапты. Артығырақ көңіл бөлу керек болса, саған әнге мәтін жазуға тапсырыс берейін. Хабарласа ғой. Сөйлесейік екеуміз», — деп жазды ол.

Көп ұзамай, пікір иесі байланысқа шығып, әншіге мәтін жазып беруге дайын екенін жеткізді.

Асар пікір жазғанда шектен шыққандарды заңмен қудалайтынын ескертті.

«Шектен тыс кеткендерімен заңның құзырлы орындары сөйлессін. Өзім сөйлесе алатындарын онлайн сабағыма шақырайын.

Сіз мені, мен сізді осылай дұрыс жолға жетелейік. Ұлт өзімдікі. Тәрбие мен мәдениет тек өз мойнымызда», — деді ол.