Президенттер отставкаға кеткеннен кейін немен айналысады? — Қазақстан жаңалықтары

0

2019 жылдың 19 наурызында кенеттен елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілеттігін тапсырды. 30 жыл билік еткен Қазақстанның тұңғыш президенті мен басқа елдердегі экс-президенттер немен айналысады, қалай күн көреді – Stan.kz дайындаған материалда. 

АҚШ-тың 44-нші президенті Барак Обама қазір белсенді түрде қоғамдық жұмыстармен айналысады, мәселен, үйсіз жандарға тамақ үлестіреді, елдің университеттерінің бірінде дәріс оқиды, мақалалар мен өз мемуарларын жазуда. Сонымен қатар ол жұбайымен Netflix телеарнасымен келісімшартқа отырып, тележобалардың продюсерлігімен айналысады. АҚШ-та экс-президенттердің зейнетақысы бірінші санаттағы мемлекеттік шенеуніктердің жалақысына тең. Дегенмен Барак Обама өзінің болашақ зейнетақысы туралы алдын-ала қамданып қойған. 2016 жылы ол елдің экс-президенттеріне төленетін зейнетақыны 17,9%-ға көбейтуге үкім шығарған еді. Мәселен, қазір ол жылына 206 мың доллар зейнетақы алады. Оның үстіне мемлекеттің бұрынғы президенттердің жүріс-тұрысын, үй-жайын, тамағына дейін шығындарын өтейтінін естен шығармаңыздар. 

АҚШ-тың 42-нші президенті Билл Клинтон да қоғамдық жұмыстармен айналысуда. Түрлі саяси және қайырымдылық ұйымдардың белсенді мүшесі. Барак Обамаға сайлауалды кампаниясында үлкен қолғабыс болды. Өзінің жұбайы Хиллари Клинтонның да саясат аренасында сенімді серіктесі. Отбасымен фермерлік типтегі үлкен үйде тұрады. 

АҚШ-тың 41-нші президенті Джордж Буш-үлкені отставкадан кейін бизнеске кетіп, онда да жетістіктерге жетті. Ол сонымен қатар саясат тақырыбында ақылы лекциялар оқып, ірі америкалық корпорацияларда кеңесші ретінде қызмет етті, қайырымдылықпен етене айналысты. Тіпті Парикинсон дерті мен мүгедектік оған 90 жас мерейтойын парашютпен секіріп атап өтуге кедергі болмады. Ол 2018 жылы 94 жасында дүниеден озды. Көзінің тірісінде түрлі-түсті нәскилерді жаны сүйетін экс-президентті АҚШ-тың Әскери-теңіз авиациясының символикасы бейнеленген шұлықта жерледі. Буштың жеке коллекциясында жүздеген түрлі шұлықтар жинақталған, тіпті 2014 жылы ол шұлықтар дизайнының сайысын ұйымдастырып, әділқазылар алқасында отырды. Буш кез-келген жағдайда шұлық таңдауға аса назар бөліп, оның суреті шараға сай болуын қадағалаған. 

Оның баласы, АҚШ-тың 43-нші президенті Джордж Буш-кішісі да лекция оқып, сурет салумен айналысады, мыңдаған долларға жететін гонорар үшін фотоға түседі. Біртүрлі іс-әрекеттері мен қылығына қарағанда АҚШ-тың ең жағымсыз президентінің «шатыры кеткен» деген болжамдар жиі айтылып жатады. 


88 жастағы КСРО-ның тұңғыш және соңғы президенті Михаил Горбачевті бұл тізімге қоспасақ болмас еді. Михаил Сергеевич Германия мен Швецарияда тұрады деген әңгімелер жиі шығады. Алайда оның баспасөз хатшысы мұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. «Бәрі дақпырт сөз, ол Ресейде тұрады, Германияда қызы Ирина отбасымен тұрғандықтан онда жиі барып тұрады, сонымен қатар емделуге де сапар жүреді. Баварияда үйі болған, бірақ екі жыл бұрын сатып жіберді. Соңғы 2-3 жылда дәрігерлер оған көп жүруге тыйым салғандықтан, ол ел сыртына шығып жүрген жоқ. Мәскеу түбінде Калчуга поселкісінде мемлекеттік саяжайда жалғыз тұрады, тек қасында аспазшы, күзетші сияқты қызметшілері бар», — деді ол. 

Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин де болашақ зейнетақысы туралы уайымдаған екен, алайда оның ізбасары Владимир Путин ренжітпей, президент жалақысының 75% көлемінде зейнетақы тағайындады. Басқа шығындарды қосқанда елдің экс-президентін асырауға мемлекет қазынасынан жылына 2,8 млн рубль жұмсалған екен. Ұзақ уақыт Ельцин Рублевкадағы дачалардың бірінде тұрып, жаңа президенттің ресми емес кеңесшісі болып қала берді. Өзінің саяжайында ол мемлекеттік қайраткерлерді күтіп, кейде театр мен тенниске шығып тұратын. Ельцин 2007 жылы 76 жасында жүрегінің тоқтауынан өмірден озды. 

Валдас Адамкус, Литваның ең сүйікті президенттерінің бірі, 93 жасында елеулі саясаткер болып қала береді. Дегенмен өзі қоғамдық жұмыстарға араласуды қаламайды екен. Өзінің үйінде тыныш өмір сүруді таңдап, омарташылықпен айналысады. 

Қырғызстаннның қашып кетпеген және қудалауға ұшырамаған жалғыз президенті Роза Отынбаева жоғары лауазымды саясаткерлердің отставкадан кейінгі қызметі туралы айтады. «Тірі кезінде идеялар мен оларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер бар» дейді ол. Постпрезиденттік институт Орталық Азия елдері үшін мүлдем жаңа тәжірибе екенін де жасырмайды. Роза Отынбаева 2011 жылы өзінің атындағы қоғамдық қор құрып, Қырғызстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына әсер ететін жоба мен бағдарламаларды жүзеге асыруда. «Бұрынғы президенттер – мүсіндер емес, бірақ енді біз жұмысымыздан босап, президент кезінде жүзеге асыруға үлгермей қалған дүниелерді жасай аламыз», — дейді белсенді экс-президент. 


Тәуелсіз Украина тарихындағы алғашқы сайлауда жеңіске жеткен Леонид Кравчук 3 жыл президент қызметін атқарды, кейін жаппай наразылық шаралары басталып, қайта мерзімнен тыс президенттік сайлау ұйымдастырылды. Оның екінші турында Леонид Кучмадан жеңілді. Дегенмен ол саясаттан түбегейлі кеткен жоқ, 12 жыл бойы Жоғарғы Радада депутат болды. 2006 жылы өзінің партиясы үшін сәтсіз болған сайлаудан кейін ол саясаттан түбегейлі кетті. Қазір 85 жастағы экс-президент Киевтің шетіндегі ауқатты Конча-Заспа послекісінде тұрады, айтуынша «Тәуелсіз Укриана тарихы» атты кітабын жазуда. 


2014 жылдағы оқиғалардан кейін биліктен аластатылған Украина президенті Виктор Янукович Ресейге қашып, бас сауғалайды. Ол үнемі украиналық саясатты сынап, түрлі баспасөз конференцияларында мәлемдемелер жасап жүр. 68 жастағы Януковичтің Ресейде не бітіріп жүргені белгісіз. Айтуынша, ол Дондағы-Ростовта кішкентай үйде тұрып жатыр. Алайда 2017 жылы журналистер экс-президенттің Мәскеу түбіндегі Баковка ауданында тұрып жатқанын анықтаған еді. Ал Януковчтің бұрынғы резиденциясы Межигорье қазір туристерге арналған мұражайға айналған. Журналистер мен саясаткерлер іші-сырты алтынмен жалатылып, мәрмәрмен безендірілген зәулім үйді президенттік ауқымдағы жемқорлық символы мен коррупция мұражайы деп атайды. 


30 жыл билік басында отырған Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы отставкадан кейін де етене қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуда. Назарбаев тарихи мәлімдемесін жасағаннан кейін елдегі барлық қалалардың орталық көшелеріне тұңғыш президенттің есімі берілетін болды, ал ел ордасы Астана атауы Нұр-Сұлтанға өзгерді. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр-Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі лауазымдарын сақтап қалды. Айтуынша, ол болашақта да халықпен бірге бола бермек. Тұңғыш президенттің жұмыс кабинеті Назарбаев орталықта орналасқан. Ол түрлі іс-сапарларға шығып, шараларға қатысып, жоғары деңгейдегі саясаткерлермен келіссөздер жүргізуді жалғастыруда. «Әр жұмыс күнін Елбасы «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Айқын», «Литер» және басқа да отандық және шетелдік газеттерді шолудан бастайды, ал бос уақытында спортпен шұғылданып, кітап оқиды», — дейді елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай. 

 

stan.kz