Президент жаман түс көріп, жақсылап ұйықтай алмаса, сайлау өтуі мүмкін
Бүгін біз соңғы уақыттары Ақорда маңында болып жатқан саяси ауыс-түйістер мен еліміздегі экономикалық жағдайлар жөнінде белгілі саясаткер, Балташ Тұрсымбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
— Балташ аға, соңғы жылдары Ақорда маңында болып жатқан ауыс-түйістер, орын алмасулардың сыры не де? Бұл кадр тапшылығы емес пе?
— Оны кадр тапшылығы деуге болмайды. Бұл биліктің халықты алдауы. Егемендік алған жылдардың бірінші жартысында біздің Республика демократия, саясат жүйесінде беті бұрылып, бірігіп жұмыс істеп, қоғамды біріктіре бастады. Одан кейін егемендіктің екінші жартысында билік бір адамның қолында болғаннан кейін, біз авторитарлы-диктаторлық жүйеге айналдық. Егемендік алғалы бері перзидент селекция жасап, жанына ылғи жағымпаздарды жинап алды. Жағымпаздық көрсетіп табынып жүргендердің барлығы жемқорлар. Кім жемқор сол жағымпаз. Олардың барлығы бір қызметтен бір қызметке ауысып жүр. Бүгін әкім болады, ертең министр болады. Бұл халықты алдау деген сөз.
— Қалай ойлайсыз 2019 жылы мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін бе?
— Бұл сұрақтың барлығы бір кісінің қолында. Егер президент жаман түс көріп содан жақсылап ұйықтай алмаса, онда сайлау өткізуі мүмкін. Ал егер түсі күнде жақсы болатын болса, ұйқысы жақсы болатын болса сайлау өтпейді. Сарайдың маңында жүрген, биліктің қолынан тамақ жеп отырған сарапшылардың барлығы сайлау болады деп айтып жүр. Бұның барлығы халық тыныш отырсын деген мақсатта жүзеге асырылып жатыр. Президенттікке үміткерлерді де айтып жатыр. Олардың ішінде кім бар? Үміткерлердің ішінде Иманғали Тасмағанбетов бар. Оны әжептәуір халық сыйлайды. Ондан кейін Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев бар. Бірең-сараң кеше ғана жемқор деп отырғызып шығарған Серік Ахметовты айтады. Қазір бізге жасыратын ештеңе жоқ. Қазір бұлар 28 жылдың ішінде отбасы болып қалыптасты. Экономиканың 90 пайызы сол отбасының қолында. Оның барлығы жекешелендірілген. Бұл жабық бір монархияға ұқсайды. Сондықтан оның да өкілі шығуы мүмкін деп Дариғаны айтады. Ал менің айтатыным, ол дұрыс. Жаңағы мен айтқан азаматтардың барлығы шықсын. Оның ішіне халықтың сенім білдіретін азаматтары да шықсын. Ең әуелі бірінші турда он-онбес үміткер шықсын. Соның ішінен халық таңдасын. Бірақ оны істеу үшін билік халыққа үнемі қиянат жасауын тоқтатуы тиіс… Қазір билік өзін-өзі сайлайды, өзін-өзі тағайындайды… Президент халыққа өзі айтып, демократиялық сайлаудың жүйе-жобасын жасауы керек. Оны жасау үшін сайлауға қатысты заңдарды қайтадан өзгерту керек, толықтыру керек…
— Жаңа сіз президенттікке үміткер азаматтардың атын атадыңыз ғой. Сіз қалай ойлайсыз, солардың ішінде кімдердің бәсі басым?
— Шындығын айту керек. Мен халықтың арасында жүрмын. Халықпен сөйлессеңіз дәл жаңағы мен айтқандардың арасында Иманғали Тасымағанбетовтың мүмкіндігі жоғары. Бірақ менің пікірімше, жаңағы бес-алты адам емес одан көп адам қатыссын. Ол үшін өзін-өзі ұсынатындар сайлауға қатыссын. Олар қоғамды қалай жақсартады, экономиканы қалай түзейді айтсын. Сол кезде барып нақты сайлау болады.
— Соңғы кездердегі АҚШ-тың Ресей мен Қытайға салып жатқан санкцияларының Қазақстан экономикасына әсері қандай? Теңгеміздің бір аптаның ішінде сан құбылуы нені білдіреді?
— Бұл өзіміздің ішіміздегі экономикалық, саяси ойындарды білдіреді. Жалпы, біз халық саны мен экономикамызға қарасақ, өте кішкентай мемлекетпіз. Қытай экономикасының құлдырауы да, Ресей экономикасының құлдырауы да бізге қатысы жоқ. Кейбір сарапшылар айтады, «біз Ресей экономикасына байланып қалғанбыз» деп. Неге біз байланып қаламыз? Біз өзіміз егеменді мемлекетпіз. Біздің өзіміздің Ұлттық Банкіміз бар, Алтын валюта қорымыз бар. Сондықтан егер бүгінгі күні халықтың жалақсын, зейнеткерлердің зейнет ақысын көбейтетін болса, онда теңге бір аптаның ішінде 30 теңгеге ойнауы мүмкін. Неге десең, халықтың қолында көбірек ақша болады, олар барады да айырбастайды валютаны. Сол кезде барып валюта көтеріледі.
— Бүгінгі еліміздегі экономикалық құлдырау ертеңгі сайлауға әсер ететіндей жағдай тууы мүмкін бе?
— Менің жаңағы саған айтып отырғанымның астары бар. Егер жаңағындай адал сайлауға дайындық болмаса, сайлауды дұрыс өткізу үшін заңдардың барлығын өзгертпесе, халық көшеге шығып, ел арасынан Армениядағы Пашенян сияқты адамдар шығады. Халық соның соңынан еріп кетеді…
— Жоғары биліктегі, әсіресе Бешімбаев сияқты жастардың жемқорлықпен ұсталуы ненің көрінісі?
— Бұл ненің көрінісі? Бізде сот жүйесінің өзі жеке жұмыс істеуі керек. Ол президентке, президенттің әкімшілігіне немесе мемлекет басшысына бағынбауы керек. Ал бізде осы сот жүйесін кім тағайындайды? Оның барлығын президент тағайындайды. Негізінде төмендегілердің барлығын жергілікті мәслихаттар тағайындауы керек. Ал жоғарыдағылардың барлығын мәжіліс тағайындауы тиіс. Заң бойынша жұмыс істегендердің орнын алмастырмау керек. Әйтпесе, бізде ұнамай қалса судьялардың өзін қамап тастайды… Жемқорлармен күресетін орган парламент. Депутаттардың барлығы кімнің жемқор екенін, кімнің қандай жұмыс істеп жатқанын біледі. Халық ғаламтордан оқып, біліп отыр. Жақында «Не Хабар?» деген сайттан оқыдым. Сенат депутаты Талғат Мұсабаевтың қарындасының бір топты ұйымдастырып, 2005 жылдан бері 1 миллиард 100 миллион доллар несие алған. Ол несие әлі күнге дейін қайтарылмаған. Қарындасы, оның отбасы барлығы шетелге қашып кеткен. Сот жүйесі жұмыс істемегеннен кейін, жай немқұрайлы қарай салған. Бірақ 1 миллиард 100 миллион доллар жоқ. Ол біздің жылдық экономикамыздағы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы. Бір адамның істегені осы. Ал енді Мұсабаевтың өзінің қызмет істеп тұрып істеген қаншама жемқорлық әрекеттері болды. Басқа адамдарды соттады. Оған ешкім тиіскен жоқ. Оны алдыдағы сенатор қылып қойды…
— Сұхбатыңызға рахмет!
«The Qazaq Times»