Президент ТОҚАЕВ вице-министрдің сөзін қайталай ала ма?
Бүгін — 21 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЕЭК) кезекті отырысын өткізеді, деп хабарлады ҚазТАГ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сөзіне сілтеме жасап.
Ескерте кетейік, келісілген кезек бойынша Қазақстан – ЕЭК-тің өтпелі кезеңдегі төрағасы. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, бұл «жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, президенттер – Владимир Путин (Ресей), Александр Лукашенко (Беларусь), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Никол Пашинян (Армения) және ЕЭК алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысады.
«Онлайн режимде өтетін Жоғары ЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады», – депті Уәли мырза.
Жөн-ақ! Әйтеуір бұл одаққа кірген соң, оның «ынтымақтастық мәселесін» ауық-ауық сөз етіп тұрмасқа болмайды. Оның үстіне экономикалық бірлестіктен бұрын, Ресейдің сойылын соғатын саяси одаққа айналған «ЕврАзЭС»-тің өз ішінде былық та, әлімжеттілік те көп.
Былығын біртіндеп реттеп алар, бірақ Ресейдің әлімжеттілігіне, пұшайман президенттер Путин патшаның әпербақандығына қарсы әл көрсетер түр танытпайды. Мәселенки, кезінде Еуразиялық одақ құрылар тұста «бұл үлкен нарықта тауарлар еркін айналып, бизнес қызметтер кедергісіз жүреді» деген Назарбаевтың сөзі әдірам қалды. Путин патшаның пәрменімен Ресей өз елінің нарығын қорғаймын десе, оның «Фитосанитария» деген кедендік құрылымы «тырнақ астынан кір тауып», пойыз түгілі, бір тонна көкөністі кіргізбейді. Ондай кесапаттық кедергілер жөніндегі ақпарат интернет иірімінде иін тіресіп тұр. Ал Қазақстан жағы өз «одақтасы» алдында шыр-пыр болып, әлгі бір тонна қиярында қиянат жоқ екенін дәлелдеп әлек болатыны екі күннің бірінде таусылмас жырға айналды.
Міне, осы кедергілер төңірегінде сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова арнайы брифинг өткізіп, біраз «барьердің» бетін ашты (қаз-қалпында):
«Мы сталкиваемся со случаями скрытых ограничений во взаимной торговле. Чаще всего они устанавливаются нашими партнерами в отношении товаров, по которым высокий уровень конкуренции. В том числе, в случаях активизации производителей отдельных стран, ориентированных на экспорт», – депті ол Еуразиялық одақ елдері арасындағы интеграция проблемасын сөз етіп.
Президенттер құзырындағы мұндай батыл пікірді Күшікова бике өз еркімен айтты ма, жоқ әлде Тоқаев мырза өткізетін одақ басшылары жиыны алдында айт деп, оның аузына Ақорда салып берді ме – ол жағы бізге беймағлұм. Қалай болғанда да, құрып кеткенде вице-министрдің деңгейінде болсын, «экономикалық одақ» деген аты бар құрылымды қылқындырған басты мәселе сөз болды.
Бұл арада вице-министр ханымның сөзіне өз тарапымыздан бір ремарка қыстыра кетейік: Күшікованың «чаще всего барьеры устанавливаются нашими партнерами» дегені – әрине, Белорусь немесе Қырғызстан емес. Қазақстанның мұнайына зар болып отырған Лукашенко мен біздің базарларға өнімін өткізуге мүдделі Жапаров «барьер» қойып, өле алмай жүрген жоқ. Вице-министрдің жасықтау болса да, астарлы айтқан «партнері» – Путин мен Ресей. «Барьердің» атын ашық айтуға қышыр жоқ, айтпайын десе, жағдай жағадан алып барады.
Содан, шамасы, біздің «интеграторлар» ойлана келіп: «Күшікова, сен сөзді баста, Путин қайтер екен, көрейік» деген болу керек, жоғарғы жиын алдында экономикалық одаққа озбырлық жасаған Ресейдің әрекеті әупіріммен сөз болды.
Күшікова бике білдірер-білдірмес қылып, айтарын – айтты-ау, бірақ оның «такая практика противоречит идее экономической интеграции» деген тұжырымын «тойған тоқты» тақылетті Тоқаев Путин патшаның алдында жалтақтамай қайталай ала ма? Міне, гәп осында!
Ермұрат БАПИ
«DAT». 20.05.2021.