Президент Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді
Қысқа сілтеме алу
Тоқаевтың отбасында туған күнді атап өту дәстүрі болмағандықтан, ол бұл күні өз үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара жоспарланбаған
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін қалай атап өтетіні белгілі болды. Бұл жайында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биылғы 17 мамыр, жексенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев 67 жасқа толады. Осыған орай, оның баспасөз хатшысына бірқатар ақпарат құралдары өкілдерінен мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтетіні туралы сауал жолданған.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, президент әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды», – деп жазады Уәли Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, Уәли президенттің бұл күнді тойлағанды ұнатпайтынын айтады. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды. Ондай дәстүр қалыптаспаған.
«Дегенмен, ертең Қасым-Жомарт Кемелұлын туған күнімен көршілес мемлекеттердің басшылары телефон арқылы құттықтайды деп күтілуде», – деп толықтырды Тоқаевтың баспасөз хатшысы.
Оқи отырыңыз: Тоқаев президенттің өкілеттігін кеңейтетін заңға қол қойды
Оның айтуынша, қазірдің өзінде көптеген мемлекет және үкімет басшыларының, парламент төрағалары мен халықаралық ұйым жетекшілерінің құттықтаған жедел хаттары келіп жатыр.
sputniknews.kz