Президент Тоқаев Кремльге Назарбаевтың сәлемін жеткізді
Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі, сәуірдің 3-і күні Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл — Тоқаевтың президент ретінде шетелге жасаған алғашқы сапары.
Тоқаев кездесуде Қазақстанның өкілетін тоқтатқан бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинге айтқан сәлемін жеткізді және «қысқа уақытта осындай кездесу ұйымдастырғаныңыз үшін алғыс айтамын» деді. Бұдан бөлек Тоқаев тәуелсіз Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас басталған 1992 жылдан бері екі ел арасында көп мәселелердің шешілгенін атап өтті және әлі де атқарар шаруа аз емес екеніне тоқталды.
Путин де Тоқаевқа бұрыннан таныс екендерін айтып, қызметімен құттықтады және сөз соңында «Назарбаевқа сәлем айтыңыз» деді.
Ресми ақпарат бойынша, Тоқаев пен Путин саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша келіссөз жүргізетіні хабарланған және бірнеше құжатқа қол қойылады делінген.
Тоқаевтың Ресейге сапары алдында оның мемлекеттік басылымдарға берген сұхбаты шықты. Онда президент «Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді» деп, өзінің де «президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын» айтады.
Ал қазақстандық саясаттанушы Тоқаевтың алғашқы ресми сапары Мәскеуден басталуын «саяси әдіс» деген.
Мәскеуде жоғары білім алған, бұрындары сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң президент қызметіне кіріскен. Сенат спикері болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.