ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН НЕГЕ ЕЛЕМЕЙДІ? | «Айқын» газеті

0
82

Еліміздегі бірқатар министрлер мен әкімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметшілердің 8 сағаттық жұмыс нормасын сақтау туралы тапсырмасын елемей отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.

Агенттік төрағасы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өткен апта бойы аза­маттық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, барлық орталық мемле­кеттік органдар мен әкімдіктерде жұмыс кесте­сінің сақталуына қатысты жүргізілген көшпелі мониторинг нәтижесін жариялады. Оның айтуынша, жұмыс кестесін бұзған 113 дерек анықталған.
«Достар, өздеріңіз білетіндей, Мемлекет бас­шы­сы мемлекеттік қызметшілердің негізсіз ар­тық жұмыс істеуін болдырмау туралы айқын нұс­қау берді. Маңызды зерттеулердің барлығы үз­дік­сіз шамадан тыс жүктемелердің еңбек өнім­ділігін төмендететіндігін көрсетеді. Амери­калық зерттеулер бойынша, 8 сағаттық жұмыс күнінің соңына қарай қателіктер саны орта есеппен
10 пайыз өссе, 10 сағаттық жұмыс күнінің соңына қа­рай бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызды құрайды. Біз әзірге мемлекеттік қыз­мет­шілердің 8 сағат және 5 күн форматындағы жұ­мы­сының ұтымды режимі үшін күш жұмсап жат­қан уақытта, бірқатар алдыңғы қатарлы ком­панияларда 6 са­ғат­тық жұмыс күні енгізілген, ал жұма – қашықтан жұмыс істеу күні саналады», – дейді А.Шпекбаев.
Оның айтуынша, агенттік екі ай ішінде барлық мемлекеттік аппаратта артық жұмыс істеуге жол берілмеуіне қатысты ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал өткен аптада жұмыс кестесінің сақталуы тексерілген.
«Нәтижесінде 113 бұзушылықты анықтадық. «Көшбасшылар» қатарында – Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыс­тарының әкімдіктері. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: аталған мемлекеттік органдар проблеманың маңызын түсінбей ме немесе Президенттің тікелей тапсырмасын қасақана елемей отыр ма? Біз еңбек заңнамасын бұзу­шыларға қатысты шара қабылдау үшін мемле­кеттік органдардың бірінші басшыларының атына ұсынымхаттар жолдадық. Жүйелі сипат алған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдар басшыларының әкімшілік жауап­кершілігін тексеру және қарау үшін еңбек инс­пекциясына материалдар жолданды», – дейді ол.
Мемлекеттік қызметшілердің сағат 18:30-дан кейін жұмыс орындарында жаппай болуының тағы бір проблемасы әкімшілік шығыстардың өсуіне әкеп соқтырады. Алайда әзірге оны түсінетіндер аз болып тұр. Айтқандай, Алик Жатқамбайұлы басқаратын агенттікте де артық жұмыс істеу проблемасы болған екен, бірнеше тексеруден соң кінәлі қызметкерлер мен олардың тікелей басшылары үстемеақыдан айырылыпты. Нәтижесі жаман емес, жұмыс уақтында аяқта­латын болған. Бәлкім, басқаларға да осы әдісті қолданып көру керек шығар…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын