«Президент шақырса, билікте отыруға қарсы емеспін»: Тоқаевқа аяқ киімін сатқан кәсіпкер онымен қандай қарым-қатынаста? — Қазақстан жаңалықтары
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдауы түскен аяқ киім өндірушісі Дәурен Рахманқұл — Қазақстандағы сирек өндіріс саласының негізін қалаушы. Еліміздегі сапалы әрі бағасы қолжетімді аяқ киім жасап жүрген кәсіпкер Тоқаевқа ешқандай туысқандық қатынасы жоқ екенін, ал егер саясатқа араласуды сұрап, шақырып жатса, билік басына баруға қарсы емес екенін айтады. Stan.kz тілшісі кәсіпкердің өндіріс цехі мен дүкеніне барып, президент алған аяқ киімнің қалай тігілетінін өз көзімен көріп қайтты.
Кентау қаласының тумасы Дәурен Рахманқұл Алматыдағы оқуын бітірген соң физика пәнінің мұғалімі болып екі жыл мектепте қызмет еткен. Өзінің жеке кәсібі туралы армандап жүрген ол алғашында еуропалық танымал «Scabal» компаниясында жұмыс істеп, мол тәжірибе алған. Арнайы тапсырыспен костюм тігетін компания танымал Голливуд жұлдыздары мен АҚШ президенті Дональд Трампқа да қызмет көрсетеді екен.
Физика пәнінің мұғалімі қалай костюм тігіп кетті деп сұрағанымызда:
«Костюмдерді мен тіктпеймін, тігіншілерге клиент тауып, оның өлшемін алып беремін. Өте беделді кісілерге костюм тіктік. Үлкен тәжірибе болды. Сондай-ақ жақсы табыс көзі болды. Бұл жұмыстан сол кездері болған девальвацияның әсерінен шығуға тура келді», — дейді кәсіпкер.
«Серіктесім Айдын Мақашпен ақылдаса келе өндірістік кәсіп ашамыз деп ойладық. Басында түрлі нұсқаларды қарастырдық. Нарықты қарап салыстырдық. Шұлық өндірісін бастаймыз деп Ташкентке барып, сол жақтың нарығын зерттеп жүргенімде, онда сапалы аяқ киімдерді арзан бағада шығарып жатқанын байқап қалдым. Дәл осындай өндірісті Қазақстанға алып келу керек деп ойлап, сол аяқ киімдердің бір бөлігін елімізге әкелдім. Өте тез сатылып кетті», — дейді аяқ киім өндірісіне қалай келгенін әңгімелеген кәсіпкер.
«Осыдан соң Қазақстанда аяқ киімдерге нарықта орын бар екенін түсініп, өндіріспен айналысу керек екені шештік. Шет елден технолог жалдап, екі мастерді жұмысқа алып, Ресейден екі тігін машинасын сатып алып, алғашқы жұмысты бастап кеттік», — дейді кәсіпкер.
Қазақстанда жасалатын аяқ киім фабрикасы жалғыз бұл ғана емес. Бірақ жоғары сапада аяқ киім тігіп жатқандары санаулы деген Дәурен Рақманқұл шикі затты Түркия мен Италиядан алдыратынын айтады.
Шикі затты шет елден әкелетініне қарамастан таза былғарыдан жасалатын аяқ киімдер бағасы арзан бағада сатылымға шығып жатыр. Ал қолжетімді баға өндіріс құнын ақтайды ма?
«Иә, ақтайды. Өзбекстанда да таза теріні қолданып, бағалары тиімді аяқ киімдер сатылып жатқанын көріп өндірісті бастадық. Тауар өзін ақтайтынына көзіміз жетті. Оның үстіне бұл баға өзімізге де, халыққа да өте тиімді. Екі жаққа да пайдалы», — дейді ол.
Қазақстандық шикізатты не үшін қолданбайсыздар? Бағасының қымбаттығынан ба әлде сапасы төмендігінен бе?
Мәселе сапада, қазақстандық терінің бағасы түріктердікімен бірдей болғанымен, сапасында айырмашылық бар. Бізде өндірілетін былғарының сапасы төмен. Біз үнемі қазақстандық тері өндірушілерден алуға дайын екенімізді айтып үлгі сұрап жатамыз. Бірақ бізге керек сапаны бере алмайды.
Кәсіп ашу үшін алғашқы капиталды демеушілер берді ме әлде мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгіндіңіздер ме?
Ең басында өз ақшамызды салдық. Бір жыл бұрын Инвестициялық қор қаржысын құйды. Мемлекеттен ешқандай көмек болған жоқ.
Бүгінгі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? Күніне қанша аяқ киім өндіресіздер? Неге тек ерлер аяқ киімі?
Фабрикамызда 25 адам жұмыс істейді. Күнделікті 30-50 жұп тігеміз. Неге ерлер аяқ киімі десеңіз, өйткені, ерлер аяқ киімін шығару оңай. Әйелдер аяқ киімі тігілуі қиын деп тұрған жоқпын. Жасалу технологиясы бірдей. Ерлердікінде модельдер аз болады. Ал әйелдер аяқ киімінде ассортимент үлкен, өйткені әйелдердің талғамы сан алуан.
Біз әр жарты жылда ерлерге 15 модель шығармыз. Барлық ер азаматтар соның ішінен таңдап алады. Ал әйелдерге олай ұсына алмайсыз. Сондықтан біз әйел адамдардың моделін шығармаймыз.
Сатып алушылар деңгейі қандай?
Біздің тұтынушылардың 99%-ы қазақтар. Отандық өнімді қолдайтындар. Сапалы, таза былғарыдан тігілген аяқ киімді тиімді бағада сатып алғысы келетіндер бізге келеді. Көбінесе мұғалімдер мен банк қызметкерлері, офисте жұмыс істейтіндер.
Шет елдік сатып алушылардан тапсырыс қаншалықты жиі түседі?
Бізге шет елден де тапсырыс беріп жатады. Ресей, Араб Әмірліктерінен, Еуропадан, Қытайдан келіп алатындар бар.
Тоқаев мырза сізді қалай тапты?
«Айқын» газетіне берген сұхбатымды оқып тапты деп айтуға болды. Мен осы уақытқа дейін газет оқитын адам қалмады деп ойлайтынмын. Себебі газет оқып отыратын адамды көрмеймін. Бірақ президент мырза оқиды екен. Газетке берген сұхбаттан соң баспасөз хатшысы арқылы байланысқа шықты.
Берік Уәли: «Дәуреннен аяқ киім сатып аламыз, отандық өнімді қолдаймыз деп жатыр президент», — деп айтты. Мен модельдерді жібердім. Таңдап, тапсырыс берді. Берік Уәли өзіне де алды. Біз оны «Қазпошта» арқылы жібердік. Тоқаев мырза Wofer моделіндегі 43 өлшемдегі 21 000 теңгелік қою қоңыр түстегі аяқ киімді алды. Біздің аяқ киімді киіп жүрген суретін алып қалатын шығармыз.
Президенттің сізге түскен таңдауын басқаша болжап, Тоқаевпен қандай да бір жақындығы бар кісі деген ой келуі мүмкін…
Иә, ойлауы мүмкін. Бірақ ешқандай жақындық қатынасымыз жоқ. Жүз адам болса, жүз пікірі бар дегендей, ол кісілерге ештеңе айта алмаймын. Егер Тоқаевпен жақындығымыз болса, басқа да тірліктер жасар едік.
Көптің көкейін кернейтін сұрақ: Сіздің аяқ киіміңізді президенттің өзі алып жатыр. Баға өседі ме?
Баға өспейді, себебі, біздегі мақсат осы бизнес жолында байып кету емес, халыққа қызмет ету. Әрине, екінші жағынан өзімізге де пайда келетіні сөзсіз. Бірақ бастысы халыққа көмегіміз тисін деп, сапалы қызмет көрсетейік деген мақсатта ашылдық. Одан бөлек адамдарды жұмыспен қамтып отырмыз. Сондықтан, бағасы халыққа тиімді болып қалады. Ешқашан бұл принциптен тайынбаймыз.
Алдағы жоспарыңыз қандай?
Өндіріс қарқынын бес есе көбейткіміз келеді. Және ол аяқ киімдердің барлығы осы Қазақстанда сатылады. Біз әлі өз биігімізді бағындырған жоқпыз. Шын шеберлер тапшы, мемлекет тарапынан қолдау аз, аяқ киімге сұраныс өте көп. Үлгермей жатамыз.
Сұхбат барысында саясатқа өзгеріс керек екенін айтқан кәсіпкер билік басында болғысы келетінін жасырмады.
«Фабриканы ашқандағы басты мақсат халыққа пайдалы болу. Ал бұдан бөлек саясатта да бір жыртығына жарап жатсақ, пайдамыз тиетін болса нұр үстіне нұр. Президент мырза шақырып, «көмегің керек, мына қалаға әкім бол немесе парламентке керексің» десе, баруға әрқашан дайынмын. Ал өз еркіммен саясатқа араласып кетемін деп айта алмаймын. Шақырып жатса қарсы болмас едім», — дейді жас кәсіпкер.
stan.kz