Президент «Сарыарқа» газ магистралі құрылысының бірінші кезеңін іске қосты
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірінде бірқатар индустриялық жобаны іске қосты.
Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газдандыру жобасын іске қосты. Елбасы «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосуға пәрмен берді.
«Бұл біздің ірі жобамыз. Біз мұнай мен газ шығаратын мемлекет ретінде Қазақстанның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Бұл ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, біз келесі жылы осы маңызды газ құбырының құрылысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз. Бұл газ құбыры біздің елордамызға дейін жетіп, әр үйге барады. Осылайша, өнеркәсібіміз өркендей түседі. Сіздерге сәттілік тілеймін», — деді Назарбаев ЭКСПО Конгресс орталығында.
Сондай-ақ, президент телекөпір аясында Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешенін және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл пластикалық бұйымдар зауытын іске қосты.
Телекөпір барысында Елбасы «KEGOC» АҚ 500 киловольттық «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» желісін іске қосты. Ақтөбе облысындағы қуаты 300 млн текше метр болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады.
Бұған қоса, «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС «Баламалы энергетика» саласында Жамбыл облысында қуаты 100 Мвт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы — «Бурное» күн электр станциясын пайдалануға берді. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды.
Телекөпір барысында аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС (Атырау облысы) автоматтандырылған диірмені, қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі Макинск (Ақмола облысы) құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ, Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингі Алматы облысында ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыт салды. Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді.
Президент онлайн режимде Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын «Орал-Тасқала» автожолы учаскесінде автокөлік қозғалысын да ашты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ