Президент сайлауына мыңнан аса бақылаушы тіркелді
Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауын бақылауға 1013 адамға аккредитация берілген. Бұл туралы 3 маусымда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) отырысында хабарланды.
Комиссия отырысында саяси партиялар мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) және ТМД миссиялары өкілдері қатысты. Онда «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» мәселе қаралған.
Президент сайлауын бақылауға тоғыз халықаралық ұйымнан 866 адам және 41 шет мемлекеттен 147 бақылаушы қатысатыны хабарланады.
Бақылаушылар арасында Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің өкілдері бар. ОСК хабарлауынша, 43 бақылаушы — шетелдік орталық сайлау органдары өкілдері.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына шетелдік және халықаралық ұйымдар бақылаушыларын тіркеу биыл 12 сәуірде басталып, 3 маусымда сағат 18.00-де аяқталды.