Президент сайлауы сайын мұрагер жайы қозғалады

0

Совет дәуіріндегі басшылары биліктен кетпеген Орталық Азияда бір президенттің бірнеше қайта сайлануы — үйреншікті құбылыс. Алайда соңғы жылдары мұрагер мәселесі жиі талқылана бастаған. Әсіресе, Қазақстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріндегі сайлауда басқа үміткерлерден бұрын «бас кандидат» пен мұрагердің жайы жиі назарға ілігеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон

«РЕФОРМАДАН» КЕЙІНГІ САЙЛАУ

Қазақстан мен Тәжікстанда президент сайлауы 2020 жылы өтеді. Қазақстан мұндай сайлауды ерте өткізуді дағдыға айналдырған. Қазір Қазақстанда «алдағы президент сайлауы да мерзімінен бұрын өте ме» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Және сол сайлауға қатысатынын білдірген саяси күш немесе жекелеген тұлғалар да әзірге байқалмайды.

Қазақстан да, Тәжікстан да ендігі сайлауын конституциялық реформадан кейін өткізгелі отыр. «Реформа» деп аталғаны болмаса, 2015 жылдан бері Орталық Азияның барлық елінде билік басындағылардың құзырын арттыру бағытында конституцияға өзгеріс енгізілген.

Былтырдан бері Тәжікстанда кейбір саясаткерлер алдағы сайлауға қатысатынын білдіре бастады. Өткен жылы наурыз айында бұрынғы Халық майданы мүшелерінің бірі Қувватали Муродов егер кандидаттыққа тіркелу үшін жиналатын қол санын шамамен 210 мыңнан 150 мыңға азайтылатын болса, Халық майданының президент сайлауына қатыса алатындығын айтқан. Бұл туралы ол өзінің Азаттық радиосы Тәжік қызметіне берген сұхбатында мәлімдеген. Осындай сұхбаттардың бірінде билікшіл Тәжікстан демократиялық партиясының басшысы Саиджафар Усмонзода да өз партиясының 2020 жылы болатын президент және парламент сайлауына қатысуға әзір екендігін жариялаған.

Қувватали Муродов

Қувватали Муродов

ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНДЕГІ ОҚИҒА

Тәжікстанда конституциядағы өзгерістерге сай президент сайлауына қазіргі басшы 66 жастағы Эмомали Рахмон шексіз мәрте қатысып, сайлана алады. 66 жастағы Рахмонның алдағы жылғы сайлауға қатысу-қатыспауы нақтыланбаса да, 2015 жылғы конституциялық реформа оның мұрагері жайлы мәселенің талқылануына себеп болған. Өзгерістер барысында президенттікке кандидаттың жасы 30-ға дейін төмендетілген еді. Бұл осы өзгерістерден кейін Душанбе мэрі болған президенттің үлкен ұлы Рустам Эмомали мұрагер бола алады дегенді аңдатқан. Екі жыл бұрын астана басшылығына келгенде Рустам Эмомали әлі 29 жаста болатын.

Ал 2018 жылы 16 қарашада елде ұзақ уақыттан бері салынып жатқан Рогун ГЭС-інің алғашқы агрегаты салтанатты түрде іске қосылған. Осы салтанат барысында Эмомали Рахмон мінберге дейін ұлы Рустаммен бірге қызыл кілем үстімен жүріп өткен. Сонда жағалай тұрған әйелдер ол екеуінің жолына гүл күлтелерін сеуіп, шашу шашқандай әсер қалдырған.

Видео: Рогун ГЭС-ін іске қосу салтанатты шарасы (қараша айы, 2018 жыл)

Тәжікстанда 16 қараша — президент күні. Бұл күн елде 2016 жылдан бері аталып өтіледі. Құрылысы 40 жылдан аса уақыт бұрын басталған Рогун ГЭС-інің дәл осы күні ашылуы және осы рәсімде президенттің 30 жастағы ұлымен салтанатты жағдайда бірге көрінуі оқиғаның ерекше назар аудартқан тұсы болған.

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ «ДАЙЫН» ӘЙЕЛДЕР

Соңғы уақытта Тәжікстан президентінің мұрагері ретінде оның үлкен қызы Озода Рахмонның да аты аталып жүр. 41 жастағы Озода Рахмон қазір президент әкімшілігін басқарады. Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында журналист Иршод Сулаймони Озода Рахмонның мұрагерлік мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ел президенті де соңғы кезде қоғамдағы әйелдер ролі және гендерлік мәселе жайында жиі айтатын болған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және оның қызы Озода Рахмон

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және оның қызы Озода Рахмон

Кезінде Қазақстан басшысынан елде әйел президенттің болу мүмкіндігі қаншалықты екенін сұрағандар болған. 2016 жылы «Петербург форумында» Нұрсұлтан Назарбаев президент болуға «дайын» әйелдердің бар екенін меңзегенде, Ресей президенті оның «кейбірін танитынын» білдіріп, қалжыңдаған.

Президент Назарбаевтың үлкен қызы 55 жастағы Дариға Назарбаева соңғы жылдары парламент мәжілісі төрағасының орынбасары және премьер-министр орынбасары қызметін атқарған. Қазір ол – сенат депутаты.

ӨЗІНЕ ДАУЫС БЕРГЕН АЙМАҚТАҒЫ ҚЫЗМЕТ

Таяуда Түркіменстан президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедов Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Былтыр наурыз айында ғана сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған ол бұл орында бір жыл отырып үлгермеді. Оның алдында мәжіліс депутаты болған Сердар Бердімұхамедов 2016 жылдан бері ғана көпшілік алдына шыға бастаған. Сол жылы ол парламенттің қосымша сайлауында депутат болып сайланған. Оған дейін кіші Бердімұхамедов елдегі бірнеше министрлікте және агенттікте жұмыс істеген.

Белгілісі – ол осыған дейін сыртқы істер министрлігінде екі рет қызмет атқарып үлгерді. Соңғы қызметінен неге босағаны әзірге айтылмайды. Оның аймақ басшысы орынбасары болып тағайындалуын кейбір сарапшылар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің 37 жастағы ұлын елдегі басшылықтың әртүрлі кезеңінен өткеруі ретінде түсіндіреді. Соңғы рет ол депутаттыққа қазір өзі әкім орынбасары болып тағайындалған Ахал уәлаятынан сайланған еді.

Түркіменстанда соңғы рет президент сайлауы 2017 жылы өткен. Бұл елде президенттік қызмет мерзімі – жеті жыл. Түркіменстанның екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияевпен құрдас. Екеуі де 61 жаста.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

Дереккөз: Азаттық