Президент сайлауы 2019: кім сайлауға түсе алмайды

0

Президенттікке үміткер 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, жоғары білімі бар азамат болуы шарт

Сотталу жазасын толық өтемеген адамдар, жемқорлыққа қатысы бар екені сотта дәлелденген тұлғалар мен өзін-өзі ұсынушылар президенттікке кандидат бола алмайды.

2017 жылы 15 маусымда ҚР Конституциялық заңына түзетулер енгізіліп, кандидаттардың президенттікке өзін-өзі ұсынуына тыйым салынды. Қазір оларды тек қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар ғана ұсына алады.

Президенттікке кандидатты кім ұсына алады

ҚР Сайлау туралы конституциялық заңның 55-бабында президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі деп айтылған.

Президенттікке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екі ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. 

Кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады.

Қоғамдық бірлестіктер осы бірлестікке мүше емес адамдарды да кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Алайда бірлестік бір ғана кандидат ұсына алады.

«Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшiн құрған ұйымдары қоғамдық бірлестіктер деп мойындалады.

Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева президент сайлауына қатыса ма?

Қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар. 

Кандидат ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. 

Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi президенттiкке кандидат болатын адамға жеткізіледі. Бұдан соң, кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшi Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады.

Кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталатын күні президенттікке екіден кем кандидат тiркелетін кездер де заңда қарастырылған. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын уақытқа ұзартады.

Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған кандидаттың талапқа сай болуын бес күн ішінде анықтауы керек.

Президенттiкке кандидатқа қойылатын талаптар

Конституцияның 41-бабына сәйкес, президентікке үміткер тумысынан Қазақстан азаматы болуы тиіс. 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұруы, жоғары білімі болуы шарт.

2017 жылы кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіліп, президентікке үміткерге қосымша талаптар қойылды. Яғни, оның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы міндетті. Әрі оның денсаулығында қызметіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы расталуы қажет. 

Президенттiкке кандидаттың Қазақстанда соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгергенiн анықтау рәсімі Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады.

Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика президентіне қолданылмайды.

Президенттiкке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына ең төмен жалақының елу еселенген мөлшеріндегі жарна енгізеді. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат  президент болып сайланса немесе сайлаушылар даусының кемінде бес пайызын алса, енгізілген жарна өзіне қайтарылады.

Сондай-ақ кандидат қайтыс болған кезде де жарнаны қайтару қарастырылған. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.



sputniknews.kz