Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Конституция күнімен құттықтады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын!

Ата заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі.

Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан барлық ауқымды өзгерістің мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту.

Азаматтардың негізгі заңымызды құрметтеп, оның талаптарын бұлжытпай орындауы – нағыз отаншылдықтың және жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз Конституцияда бекітілген қастерлі құндылықтарға сүйене отырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға кәміл сенемін.

Әр шаңыраққа бақ-береке, толайым табыс тілеймін!

Ол 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде елде демократияландырудың жан-жақты процесі басталғанын, саяси жүйені жаңғырту үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті. Құқық қорғау институттарының рөлі күшейтілді, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі көтерілді. Конституциялық сот құрылды, ол бүгінде құқықтың үстемдігін бекітуге толықтай ықпал етеді.

Конституция әділетті және үйлесімді қоғам негізделетін заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету функциясын нығайтты.