Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазаөстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Рамазан айының басталуымен құттықтады деп хабарлайды Ақорда.

«Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.

Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады.

Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!», — деді президент.

фото: kazislam.kz