Президент өзін алаңдатып жүрген мәселені қозғады
Қысқа сілтеме алу
Президент зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет екенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы ажырасудың көбейіп кетуіне алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Жастар саясаты туралы айтқанда отбасы институтын ұмытпауымыз керек. Бұл дәстүрді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды. Бұл мәселеге әлі күнге дейін баса мән берілмей отыр», — деді Тоқаев елордада жастармен кездесуінде.
Президент әрбір жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс екенін қадап айтты.
«Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет. Мұның мемлекет үшін маңызы өте зор», — деді ол.
Тоқаев жастар тәрбиесінде ата-аналарға да зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Президенттің дерегіне сәйкес, Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалардың саны соңғы бес жылда шамамен бір миллионға артқан. Қазір олардың саны бес миллионнан асады.
«Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бізге бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет», — деді мемлекет басшысы.
Тағы оқыңыз: Тоқаев үкіметке тапсырма берді: жаңа жылдан бастап кімнің қалтасы қалыңдайды
Айта кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының ашылуына арналған шараға қатысып, қазақстандық жастармен жүздесті. Жастар президент алдында түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
Шара барысында Волонтер жылының логотипі таныстырылды. Алқызыл логотип жүрек пішіндес, бір шетінде латын қарпімен «Біргеміз» деп жазылған.
2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жариялаған еді.
sputniknews.kz