Президент музейіне саяхат | «Айқын» газеті
АҚШ президентінің резиденциясы Ақ үй, Аргентинадағы Каса Росада «күлгін үй» деп аталады. Чехиядағы Праж градында бағалы Богем тәжі сақтаулы тұр. Вильюнстегі Литва президенті сарайының тарихы да тереңде. Сарай құрылысы 14 ғасырда басталып, 1834 жылға дейін созылған. 1997 жылы ресми түрде резиденция мәртебесін алды. Біздің Ақорда – әлемдегі ең әдемі резиденциялар қатарына кіреді. Ал Президентіміздің алғашқы резиденциясы 2004 жылдан бастап музейге айналды. Бұл – әлемдегі жалғыз Президенттік музей-резиденция. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай, Президент музейіне фотосаяхат жасап қайттық.
Тұңғыш Президент музейі 2004 жылы 28 тамыздағы Президент жарлығымен құрылды. Музей алғашқы келушілерін 2005 жылдың наурызында қабылдады.
Музей қоры Елбасы Н.Назарбаевқа тарту етілген сыйлықтар кешенінен, Президентіміздің жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдарынан құралған. Қазіргі таңда музей қорында 11 мыңнан астам экспозиция бар. Музейге жылына 98 мыңға жуық адам келеді.
Музей ауданы 12 мың шаршы метрлік 4 қабаттан тұрады. Кешен құрамына Президенттің және оның қызметкерлерінің жұмыс кабинеті, қоғамдық орын мен апартаменттер және демалыс зоналары кіреді. Құрылыс жұмыстарын 1996-1997 жылдары халықаралық Мобитекс компаниясы жүргізген.
Тұңғыш Президент музейі еліміздің саяси тарихынан хабар береді. Негізгі көрме залдары үшінші қабатта орналасқан. Мәжіліс залы, қабылдау бөлмесі, жұмыс кабинеті, камин залы, демалыс бөлмесі, қысқы бақ, алтын зал, күміс зал, Қауіпсіздік кеңесінің залы, күмбезді зал тәрізді 24 залдан тұрады. Музейде 10 желтоқсан күні еліміздің спортта жеткен жетістіктеріне және қазақтың ұлттық аспаптарына арналған залдың ашылу салтанаты өтеді.
Бірінші қабатта алғаш рет елімізде құрастырылған автокөліктер орналасқан. Қазақстанда шығарылған ең алғашқы автокөлік болғандықтан
Елбасыға сыйға берілген. Автокөліктер – 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар», 2002 жылы Өскеменде «Азия Авто» құрастырған ең алғашқы «Нива».
Алтын залдың интерьері ерекше. Көркемдеу кезінде сусальды алтынды әшекейлеудің жаңа әдісі қолданған. Төбе жиектеріне алтын жалату әдісін пайдаланған. Бастапқыда залда шетелдік делегацияларды қабылдау мен халықаралық деңгейдегі кездесулер өткен. Президентіміз шетелдік елшілерді қабылдаған. Қазіргі таңда алтын залда Астана қаласының қалыптасу тарихын бедерлеген экспозицияларды тамашалауға болады.
Залда Астана қаласының бас құрылыс жоспарын талқылау сәтінен фотосурет бар. 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы салу жобасы бойынша әлемдік архитекторлар арасында халықаралық байқау жариялаған еді. Сол байқауда Кисё Курокава эскизі жеңімпаз атанады.
Күміс зал – үкіметтік наградалар мен сенім грамоталарын табыс етуге арналған. Ресми рәсімдер залы деуге болады. Залда еліміздің белді тұлғалары Президент қолынан наградалар алған. Шетелдік елшілер Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын табыстаған. Қазіргі таңда залдан «Әлем таныған Елбасы» атты фотогалереяны тамашалайсыз. Сондай-ақ залда делегациялардың Елбасына сыйлаған кәдесыйлары бар.
Қауіпсіздік кеңесінің залы. Залда Президент төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырыстары мен мәжілісі өткен. 7 жыл бойы еліміздің маңызды стратегиялық жоспары осы залда талқыланған. Қазір мұнда қару-жарақтар коллекциясы бар. Қару-жарақтың барлығын Президентке сыйға тартқан. Бірінші бөлімде дәстүрлі қазақ батырларының қару-жарақтары,
18 ғасырдың мұрасы – Абылай хан қылышының фрагменті бар. Бұл қылыштың сынығын 2004 жылы тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы профессор Нәйла Бекмаханова музей қорына өткізген. Қылыш жүзінің бір жағында ескі славян әріптерімен, келесі жағында шағатай тілінде «Мұндай қылышты 1758 жылы Санкт-Петербор қаласында патшайым Елизавета Абылай ханға сыйға берген» деген жазу бар. Сондай-ақ залдан суық қару үлгілері, ортаазиялық қару мен Еуропа стиліндегі қаруларды көресіз.
Күмбезді зал – резиденцияның ең үлкен және ең әдемі залы. Залдың күмбезі киіз үйдің шаңырағы іспетті. Биіктігі – еденнен 14,5 метр. 1997 жылы 10 желтоқсанда күмбезді залда Елбасымыз «Қазақстан Республикасының жаңа астанасы – Ақмола қаласы» деп жариялап, «Бүгіннен бастап еліміздің жүрегі осында соғады»,– деп мәлімдеген. Елбасының тарихи жаңалықты дәл осы залда жариялауының өзіндік сыры бар. Өйткені Алматыдан еншісін алып, шаңырақ құрып, көк күмбездің астында жаңа астананы хабарлау – жақсы ырым әрі игі бастама. Зал тек Президенттің жоғары деңгейдегі кездесулеріне арналған. Бұл зал музей игілігінде болғанымен, әлі де қолданыста.
Айзат Айдарқызы