Президент мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық танытты

0

Әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Біз жуырда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлдік. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті осы жылды Балалар жылы деп жариялағанын атап өтті. «Бірақ, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.