Президент институтының негізін қалаушы | «Айқын» газеті
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап жас мемлекеттің ары қарайғы дамуының институциялық негізін іздедік. Президент институтының қалыптасуы елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ұлтаралық дағдарыспен қатар келді. Осы қиын жағдайда мемлекет басшысы Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтатын негізгі стратегиялық бағыттарын белгіледі. Қазақстанда аз уақытта экономикалық тұрақсыздықты еңсеріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін, қоғамдық келісімге алғышарттар қалыптастыратын саяси институт қажет еді. Бұл институт тоталитаризмнен демократияға өтудің негізгі құралы есебінде қарастырылды.
1990 жылы 28 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен «Қазақ КСР Президенті қызметін ұйымдастыру туралы» заң жобасын дайындау үшін комиссия құрылды. 1990 жылы 24 сәуірде комиссия ұсынған жобаның негізінде Жоғарғы Кеңес «Президент қызметін құру және Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Н.Назарбаев Президент қызметіне кіріскен күннен бастап, өтпелі кезеңнің күн тәртібінде тұрған мәселелерін шешуге күш салды. Осы тұста тарих сахнасынан Кеңес Одағының кетуімен қоғам екіге бөлінгенін атап өту қажет. Бұл бөлініс ескі мен жаңа, өткен мен келешек арасында жүрді. Ескілікті жақтағандар Жоғарғы Кеңес болса, жаңашылдықты қолдағандардың қатарында Президент пен оның командасы болды. Жоғарғы Кеңестің бірпартиялық жүйеге генетикалық жақындығы оларды президенттік басқару мен демократиялық өзгерістердің қарсыласына айналдырды. Депутаттар кез келген реформалық ұсыныстардан бас тартты. Кеңестер Қазақстанның ары қарайғы дамуын тежеген тарапқа айналды. 1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамыз айларының аралығында Қазақстан компартиясы орталық комитеті және Қазақ КСР Президенті аппараттары қатар жұмыс істеді. Өткен күн мен болашақ арасындағы күрес мықты президенттік билік пен басқарусыз қалу, реформа мен дағдарыстың бірін таңдау қажеттігін арттырды. Президент Н.Назарбаев кеңестік жүйенің ғұмыры қысқа екенін анық түсініп, 1991 жылы Саяси бюро мен Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетінен шықты. Ол коммунистік, тоталитарлық тәртіптің орнына Конституцияға негізделген демократиялық мемлекет құру керегін ұқты.
Алғашқы жылдары ешкімде жаңа институт аясында жұмыс істеу тәжірибесі болған жоқ. Президент аппараты бірнеше адамнан ғана тұрды. Оны қаржыландыратын ресурстар тағы жоқ. Осындай қысылтаяң кезеңде қазақ мемлекеттілігінің негізіне айналған президент институтының құрылымы қалыптасты. Президент бәрін жұмыс барысында меңгеріп, реформаторлар тәжірибесінен білім жинады. Үнемі ізденісте жүрді.
Президенттік биліктің қалыптасу жылдары оның деңгейі толық «президент институтынан» әлдеқайда алыс еді. Қазақ КСР Президенті мемлекеттің толық басқару функцияларын атқара алмады. Ол тек Жоғарғы Кеңес таңдаған тұлға ретінде елді таныстыру қызметінде болды. Кейіннен аталған институттың іргесін берік ету үшін оның қызметі реттеліп, кемшіліктері жойылды. Президент мәртебесі мен өкілеттілігін белгілеуде 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің егемендігі туралы» декларация үлкен рөл атқарады. Өйткені дәл осы құжат билікті заң шығару, сот және атқарушы деп үш тармаққа бөлді. Мемлекетті билік бөлінісінің алғашқы көрінісінде Жоғарғы Кеңес – заң шығару, Президент – мемлекет басшысы, Жоғарғы сот сот билігін қолына алды. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Н.Назарбаевтың жаңа саяси жүйе, президент институты жөніндегі идеялары шындыққа ұласты.
Тәуелсіздікпен бірге жоспарлы экономиканы нарықтық қатынастарға ауыстыру, бірпартиялы әкімшілік жүйеден демократия құндылықтарына өту, дәстүрлі сананы либералды түсінікке өзгерту міндеті келді. Қажырлы еңбек арқасында аталған «үштұғырлы транзит» сәтті жүзеге асты.
1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы сайлауда қазақ халқы тұңғыш рет өз тағдыры мен тарихи жолын таңдауға мүмкіндік алып, Президент қызметін бірауыздан Н.Назарбаевқа жүктеуді қолдап, дауыс берді. Бүкілхалықтық қолдауға ие болғанына қарамастан, Президент әлі де Жоғарғы Кеңесті тарату құқығына ие болмады. Үкімет қос тарапқа да есеп беру жағдайында қалды. Президент пен Жоғарғы Кеңес өкілеттілігін бөліп қарау қажеттігі туды. Әлемдік тәжірибені мұқият зерттеген Н.Назарбаев президент институтының америкалық моделіне тоқтады.
Қазақстанда президенттік республика құру процесінің алдында тұрған мәселелерді 1993 жылы қабылданған Конституция да шеше алмады. Құжат әртүрлі билік тармақтары арасындағы қарама-қайшылықты тоқтатуға қауқарлы болмады. Мұның бәрі 1994-1995 жылдардағы саяси дағдарысқа әкелді.
Жоғарғы Кеңестің XIII шақырылымы таратылған соң, Президентке уақытша заңдық күші бар қаулылар қабылдау құқы берілді. Мемлекеттік құрылымды модернизациядан өткізіп, құқықтық реттеу саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туды. Жаңа Конституцияның қабылдануы тәуелсіздікпен тең жаңалық әкелді. 1995 жылғы құжатта Президент рөлі жоғарылап, қос палатадан тұратын Парламент құрылды.
Жаңа құжатқа сәйкес, Президент билік тармақтарының үстінен қарайтын, саяси жүйенің жоғары лауазымды тұлғасына айналды. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекеттің белгісі саналатын өзгеріс болатын. Қазақстан «жартылай президенттік» елдердің үлгісіне ермей, өзіндік ерекшелігі бар «қазақстандық» жолды таңдады. Конституцияда мемлекеттік биліктің бірыңғайлығы және оның заң шығару, сот, атқарушы билік тармақтарына бөлініп жүзеге асырылатыны бекітілді. Әр билік тармағының жұмыс істеу аумағы мен өкілеттілігі нақты белгіленді. Заң шығару және атқарушы билік арасындағы байланыстырушы көпір тек қана Президент бола алатыны заңдылыққа айналды.
Осылай 1995 жылы қабылданған Конституция президенттік басқару жүйесін заң тұрғысынан бекітті. Негізгі заң реформалардың негізін қалады. Н.Назарбаевтың алдында екі таңдау, екі жол болғаны белгілі. Бірінші жолда іс-қимылдарды бірінен соң бірін асықпай орындаса, екінші жол әлеуметтік қарсылық тудыру тәуекелі бар қарқынды дамуды жақтайтын жылдам әрекеттерді қарастырады. Аталғандардан бөлек, жеке билігін барынша нығайтуды ғана көздейтін үшінші дәстүрлі нұсқа да болған.
1995 жылғы Конституция қабылданып, Президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылғаннан кейін президент институтының негізгі әлеуеті ашылды, Мемлекет басшысының қоғамды трансформациядан өткізудегі рөлі артты. Президенттің ерекше мәртебесі биліктің тиімділігін және жалпыхалықтық шешімдер қабылдаудағы іс-қимылдар келісімін қамтамасыз етті.
Қоғамдық-саяси реформалар кезінде президент институтының жаңа өкілеттіліктері пайда болды, оның мүмкіндіктері кеңейді. Ол билік пен қоғам арасында диалог, кері байланыс орнатты. Президент институты арқылы ұлтаралық қатынастардағы мәселені тиімді шешуге жол ашылды.
Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жетістіктері арқасында жарқын болашақтың іргетасына айналды. Жаңа мемлекет құрылып, жаңа Астана бой көтерді, қазақстандық даму моделі қалыптасты. Мемлекет басшысының салмақты ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан алдағы уақытта елеулі жетістіктер биігінен көрініп, дамыған 30 елдің қатарына қосылады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы