«Президент болғым келеді»: еліміздің қала әкімдерінің бірі бала кезіндегі суретін көрсетті
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5363-905x613.webp)
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов балалық шақтағы суреттері сақталған мектепке барып қайтты. Ол оқушы кезіндегі естеліктері мен суреттерін көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әкім мектепке барған сәтінен видеоны Instagram парақшасында жария еткен. Ол мектеп қабырғасында өткен жылдардан жылы естеліктер қалғанын жазған. Алмат Ақышов Өскемен қаласындағы №3 мектеп-лицейде білім алған. «Ұстаздар дамуыма үлкен үлес қосты, оларға алғысым шексіз. Мен қашан да белсенді оқушы болдым — спорттық жарыстарға, пікірсайыстарға, олимпиадаларға қатыстым. Басқалар сияқты мен де армандадым, жоспар құрдым. Бірінші сыныпта президент болғым келетіні туралы эссе жазғаным есімде. Мектепке ауыр рюкзак арқалап, бірнеше автобуспен жететінмін. Ақшам жолға ғана жететін, аз қамтылған отбасының баласы ретінде тегін тамақтанатынмын. Бірақ мен де, құрдастарым да мұны қиындық деп қабылдаған жоқпыз – бәрі жақсы болады деп сенетінбіз, армандайтынбыз», — деп естеліктерін бөлісті Өскемен қаласының әкімі. Алмат Ақышов Өскемен қаласының әкімі болып былтыр желтоқсанда тағайындалған болатын. Ол — Шығыс Қазақстан тумасы, Өскеменде өскен, еңбек жолын да облыс орталығында бастаған. Алмат Ақышов Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін екі жыл Күршім ауданын басқарды. Барлығы 12 жыл мемлекеттік қызметте болды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы тәжірибесін ескере отырып, Алмат Ақышовқа Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткішінің өсімін қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.