Президент азық-түліктің қымбат екенін айтты
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті тауарлар қымбат екенін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкіміне көршілес облыстардың тауар өндірушілерімен тікелей байланыс орнатуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті тауарлар қымбат екенін атап өтті.
«Бұл белгілі мәселе. Мәселен, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2%-ке, сүзбе 17%-ке, пияз 14,5%-ке, күнбағыс майы 9,6%-ке, сиыр еті 6,7%-ке жоғары. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым жоқ деген сөз. Сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүмкіндік береді. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес», — деді президент астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі жиында.
Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының басшыларымен бірлесіп, тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей байланыс орнату мәселесін реттеуді тапсырды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев шетелдіктерден неге ыңғайсызданып жүргенін айтты
«Елорданың дамуы іргелес елді мекендердің дамуымен тығыз байланысты. Қала маңындағы ауыл-аймақтар елорданың азық-түлік белдеуі ретінде жұмыс істеуі тиіс. Ол жерлерге түрлі өндіріс, кәсіпорындарды орналастырған абзал. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының әкімдеріне дамыту жоспарын үйлестіруді тапсырамын. Өйткені екі өңір де бір агломерацияға кіреді», — деді мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселе талай жиында сөз болғанын атап өтті.
«Бүгін осы тапсырманы тағы да қайталауға тура келіп отыр. Енді орындалады деген үміттемін. Соншалықты қиын мәселе де емес. Бастысы ниет пен біліктілік болуы тиіс. Бізге жетпей тұрғаны да осы», — деді Тоқаев.
sputniknews.kz