Президент: «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге қарапайымдылық жетіспейтінін айтты. Өз сөзінде ол бүгінде халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Бұл туралы Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.
Мемлекет басшысының пікірінше, әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді.
«Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», — дейді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бүгінде халықпен кері байланыс орнатудың маңызы зор екенін айтты. Сондықтан ол әкімдермен өткен кеңесте халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу қажет екенін тапсырған. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн, дейді ол.
«Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс», — дейді Тоқаев.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырғанын атап өтті.
«Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет», — дейді мемлекет басшысы.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram желісіне тіркелген еді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz