Премьер-Министрге «Смарт-Тараз» және Тараз-Хаб жобалары таныстырылды
Цифрландыру кеңсесінің басшысы Д. Егізбаевтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында «Смарт-Тараз» жобасы іске асырылып жатыр. Оған негізгі бес бағыт бойынша: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, агроөнеркәсіптік кешен және қауіпсіздік бойынша 20 жоба кіреді.
Денсаулық сақтау саласында облыс халқының 70%-ында электронды денсаулық паспорты болады. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде Тараз қаласының 34 мың тұрғыны медициналық қызмет алу үшін арнайы қосымшаны қолданады. Келесі жылға қарай пайдаланушылар саны 200 мыңға жетпек.
Білім беру жүйесінде компьютерлермен жабдықталған сыныптар саны осы жылдың 10 айында 22%-дан 58,5%-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін 100% қамту жоспарланып отыр. Жүзеге асқан жобалар арасында «Балаларды бірінші сыныпқа және мектепке дейінгі мекемелерге қабылдау қызметтерін автоматтандыру» жобасы бар, ал келесі жылы мектеп сыныптары үшін роботтарды шығару жобасы іске қосылмақ. Ауылдық кітапханалар базасында 24 цифрлық сынып ашылды, жыл соңында мұндай орталықтардың саны 57-ге дейін көбеймек. 2019 жылдың соңына қарай цифрлы сыныптар 250 мыңнан астам тұрғыны бар барлық елді мекендерде жұмыс істейтін болады.
Көлік саласында бірыңғай диспетчерлік орталық пен автобус бағдарларына арналған мобильді қосымша енгізілді. Келесі жылы электрондық автобус билеттері іске қосылады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру тұрғысында биыл өңірде қалалық сумен жабдықтау жүйесі автоматтандырылған. Жыл соңына дейін «ақылды орам» жобасы бастау алып, 315 көппәтерлі тұрғын үй «е-Шаңырақ» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылады. Келер жылы коммуналдық қызметтер төлемі үшін бірыңғай есеп айырысу орталығын енгізу жоспарда бар.
Биыл АӨК-те жайылымдар 100%-ға цифрландырудан өтеді. Сондай-ақ, облыста Талас өзенінің бойында су ресурстарын бақылау және бөлу жөніндегі орталық ашылған. 4 ферма ақылды технологиялар игілігін көріп жүр. Болашақта әкімдік 20 ферманы толық цифрландырмақ ниетте, ал 316-на білім тарату орталықтарының негізінде цифрландыру элементтерін енгізбек.
Премьер-Министрге ауылдық жерлерде «цифрлық сыныптар» жұмыс істейтіні туралы баяндалды. Орталық мамандары тұрғындарға электронды үкімет анықтамаларын алып беруге көмектеседі. Ал, жыл соңына дейін ақпараттық дерекқорларды біріктіру арқасында олар барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша толық кеңес беру мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда 32 сынып жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 34-і іске қосылады. 2019 жылы қосымша 209 сынып ашылмақ. Қабылданған шаралар осы жылдың мамыр–қыркүйек айларында 182 мың адамның цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы көрсеткіш 61%-дан 78,5%-ға дейін өсті.
Бүгінде Жамбыл облысы тұрғындарының 99%-ы интернетпен қамтылған, бұл — 378 елді мекеннің 347-інде интернет бар деген сөз. Биыл және келесі жылы интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-тан төмен елді мекендерде жылдамдықты арттыру жұмысы атқарылып жатыр. 2020 жылы 250-ден астам тұрғыны бар елді мекеннің бәрі интернетке қосылады.
Желтоқсанның 1-інде Жамбыл облысында Astana Hub АT-стартаптар халықаралық технопаркіне ұқсас Тараз хабы іске қосылады. Бұл туралы жоба жетекшісі Т. Омаров хабарлады. АТ-орталық аталмыш сала мамандарының жаңа буынын өсіріп, оларға роботты техника және ВЕБ-бағдарламалауды үйретуді көздейді.
«Орталық базасында 2019 жылдың басынан бастап информатика, роботты техника және 3D модельдеу оқытушыларын оқытпақпыз. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы арқасында үш білім беру жобасын жүзеге асырамыз. Біріншісі – балабақшаларды автоматтандыруды көздейтін “ақылды балабақша” жобасы. Оның арқасында Жамбыл облысының барлық мектепке дейінгі ұйымдары 100%-ға (508 ұйым) тегін автоматтандырылған. Екінші жоба – “ақылды мектеп” деп аталады, бірінші сынып балаларын мектепке қабылдауға арналған жоба бүгінгі таңда 119 мектепке енгізілді. Қалған 326 мектеп 15 желтоқсанға дейін автоматтандырылады. Үшіншісі – “ақылды колледж” жобасы, ол арқылы Жамбыл облысының барлық колледждері автоматтандырылады», — деді Т. Омаров.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру кезінде аймақтың экономикалық тиімділігін ескерудің маңызды екенін атап өтті.
Цифрландыру барысымен іс жүзінде танысу үшін АТ-лицейдің Веб-бағдарламалау және роботты техника сыныптары таныстырылып, онда Премьер-Министр өңірде білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар болды. Заманауи цифрлық технологиялар мен бағдарламалар цифрлық экономикаға қажетті дағдыларды өскелең ұрпақ бойына сіңіруге септігін тигізеді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша ақпараттық технологияларға оқыту ісі қалалық әрі аудандық мектептерде де жүргізіліп келеді. Биыл облыста 120 роботты техникалық сынып ашылған. Облыстың барлық аудан орталықтарында, сондай-ақ Тараз қаласында АT-сыныптарда қосымша сабақтар оқытылады. Бұдан басқа, Тараз техникалық шығармашылық орталығында робот құрастыру ісімен 100-ге жуық студент айналысады.